Қордай маңында ірі жол апатынан зардап шеккен 9 адам әлі де ауруханада жатыр. Оның үшеуінің жағдайы тым ауыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазір жансақтау бөлімінде жатқан жолаушыларға дәрігерлер қолдан келгенше көмектесіп жатыр. Ал, апаттың себебі әлі нақты анықталған жоқ.
Өткен сенбіде Алматы-Ташкент тас жолында жантүршігерлік автобус апаты болып, 11 адам көз жұған еді. Марқұмдардың қатарында көрші мемлекеттің азаматтары да бар.
Ташкенттен Алматыға бет алған бұл автобус, сенбі күні таңғы сағат 5-тер шамасында Қордай маңында апатқа ұшырады. Жантүршігерлік оқиға былай болған: «Алматы-Ташкент» тас жолының 181-шақырымында Toyotа Camri жеңіл көлігі осы бағытта жүріп бара жатқан жүк көлігінің артына соғылады. Сол сәтте лық толы автобус апатқа ұшыраған көліктерді айналып өтпек болып аударылып қалады. Салдарынан қоғамдық көліктің сау тамтығы қалмай қирап, ішіндегі 46 жолаушының 8-і сол жерде тіл тартпай кеткен. Тағы екі адам мен жеңіл көлікті тізгіндеген келіншек ауруханада жан тапсырды. Жолаушылар апат кезінде ұйықтап жатқандықтан, қайғылы жағдайдың қалай болғанынын білмей қалған.
«Өзім де білмеймін қалай болғанын, оянсам тұла бойым қан. Не болып, не қойғанын түсіндіре алмаймын. Жан-жағымдағы жолаушылар «көмектесіңдер» деп айқайлап жатты» - дейді жолаушылардың бірі.
Жол апатынан зардап шеккен 32 адам шұғыл түрде жақын маңдағы медициналық мекемелерге жеткізіліп, барлығына тиісті көмек көрсетілді. Дегенмен, 9 адам әлі де оңала алмай ауруханада жатыр. Үшеуінің халі тым ауыр көрінеді. Ішкі ағзалары зақымданған олар дәл қазір жансақтау бөлімінде өмір мен өлім арасында.
Жалпы, апатқа ұшыраған автобустағы жолаушылардың көбісі Өзбекстан азаматтары екен. Олардың үшеуі қайтыс болды. Бір анығы, өзбек көршілердің біразы Қазақстанға жұмыс іздеуге, енді бірі қонаққа келе жатқан.
«Үшеуі жансақтау бөлімінде, олардың бірі Өзбекстан азаматы. Ал алты адам әртүрлі бөлімшелерде жатыр, оның екеуі – Тәжікстан азаматы. Қайтыс болған Өзбекстан азаматтарының денесін шекараға жеткізіп беру үшін біздің тарапымыздан барлық жұмыстар атқарылды. Барлығы медициналық сараптамадан өткізілді. Бүгінгі таңда мәліметтердің барлығы туыстарына табысталды», – дейді Жамбыл облысының әкімі Асқар МЫРЗАХМЕТОВ.
Ал, Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жаманқұлов болса, бүгінде барлық зардап шеккен азаматтарға медициналық, психологиялық көмек көрсетіліп жатқанын айтты.
Сондай-ақ, қайтыс болған азаматтардың туысқандарымен психолог мамандар мен дәрігерлер жұмыс істеп жатқан көрінеді.
Әзірге апаттың себебі анықталған жоқ. Алайда, «Көлiк құралдарын басқару ережесін бұзып, бірнеше адамның өліміне әкеліп соғу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Өңір басшысы Асқар Мырзахметов дәл осы Жамбыл облысында кейінгі кездері жол апатының көбейіп кеткенін жасырмады.
Айдана Мейрамбайқызы, «Алматы» телеарнасы