Қайыңдыдағы апат: тың дерек жарияланды

Almaty.tv
Almaty.tv
Жантүршігерлік апаттан жарақат алған 12 адам ауруханада жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қайыңдыға апарар жолдағы апатқа қатысты тың деректер шықты. Зардап шегушілердің сөзінше, адам тасығандар таудың басында жарысқан. Қатты жылдамдықпен жүйткіген көліктің бірі қарсы бағытқа шығып кеткен автобусқа соғылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Адам шошырлық кадрлерді апат болған кезде куәгерлер түсіріп алған. Сау тамтығы қалмаған автобустың жанында қан жоса болған адамдарды анық көруге болады. Ал аударылып кеткен УАЗ автокөлігіне отырғандардың бірі мерт болыпты.

Апаттан аман қалып ауруханаға жеткізілген азаматтардың ішінде шетелдіктер де бар. Олардың айтуынша, оқиға қас-қағым сәтте болған.

– Жүргізушілер жарысып, бірі қарсы бағытқа шығып кетті, – деді зардап шегуші Дания Оспанова.

– 5 қазанда сағат 14:00-де жол апаты болды. Біз отырған автобус УАЗ автокөлігімен жарысты. Қасымызда бірге істейтін әріптесіміз бар еді. Ол орындықтың астында қалып қойды, – деді зардап шегуші Дастан

Саты ауылы мен Қайыңдының арасы 12 шақырым. Тау асып тар жол баспай діттеген жерге жету де қиын. Ортасына опырылып түскен көпірмен автобус түгілі адам өте алмайды. Ал болған апаттың салдарын мұндағы жүргізушілер былай түсіндірді.

– Автобус тежегіші істемей қалды. Жарысты дегенге сенбеймін. Мынандай жолда қалай жарысасың? –деді тұрғын.

Жантүршігерлік апаттан жарақат алған 12 адам ауруханада жатыр. Жағдайы дәрігерлердің жіті бақылауында.  

– Ауруханаға 23 науқас жеткізілді. Олар толық тексерілді. Оның ішінде 9 науқас ауруханаға жатыр. Қалған он төрті амбулаториялық емге жіберілді. Қалған 9 науқастың жетеуіне ота қажет болды. Төрт адамға ота жасалды, – деді Алматы облыстық Көпсалалы клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі Бекзат Бейсенов.

Ал апатқа кінәлі деп күдікке ілінген автобус жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, қазір уақытша тергеу изоляторына қамауға алынған. Егер кінәсі дәлелденсе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл ақпаратты облыстық полиция департаменті берді.

Айта кетейік, кеше Қайыңды-Саты жолында туристер мінген көліктер соғылып 34 адам зардап шегіп, бір адам көз жұмған еді.

Әлібек Шынтемір, Ғани Қалуов, Мұратбек Алмасхан, «Алматы» теларанасы

Оқи отырыңыз: Көлсайда жол апатына ұшыраған туристердің арасында шетелдіктер бар

Новости партнеров