Белгілі журналист Арман Шораев қамауға алынды

Фото: Sputnik Казахстан
Фото: Sputnik Казахстан
Оған төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратты деген айып тағылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Белгілі журналист әрі қоғам қайраткері, «Қазақстан барысы»қазақ күресін дамыту қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Арман Шораев уақытша қамауға алынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Алматы қаласының Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Арман Шораевқа қатысты ҚР ҚК 274-бабының 4-бөлігі бойынша Төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратты деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалған.

«Азамат А.Т. Шораев әлеуметтік желілер арқылы бірнеше рет біле тұра шындыққа жанаспайтын жалған ақпараттар таратқан. Ол өз іс-әрекеті арқылы төтенше жағдай кезінде қоғамдық тәртіпті бұзып, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне айтарлықтай зиян келтіру қаупін туғызды», - делінген ПД хабарламасында.

Қазіргі уақытта Қарағанды қаласының аумағында Арман Шораев Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.  Тергеу жалғасуда.

Айта кетсек, Арман Шораев - ҚР Президенті жанындағы БАҚ (ақпараттық саясат) жөніндегі Қоғамдық кеңестің бұрынғы мүшесі. Ол 2006 жылы «Хабар» Агенттігі» АҚ Бас директорының орынбасары, 2006-2007 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі Әлеуметтік-саяси бөлімінің бас инспекторы, 2007-2014 жылдары «Коммерциялық телевизиялық арна» АҚ бас директоры болған.

Новости партнеров