Солтүстік Қазақстан облысында автожолда қиыршық тас артқан КамАЗ аударылып қалып, өртенді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бүгін Тайынша ауданы Обуховка елді мекені маңындағы автожолда КамАЗ аударылып, көліктің кабинасынан өрт шықты. Жол-көлік оқиғасының бейнежазбасы әлеуметтік желіде жарияланды. Апатқа көктайғақ себеп болған. Бүгін түнде СҚО-да қалың қар жауып, оның арты көктайғаққа ұласқан еді. СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға жайында бүгін сағат 9.56 минут кеткенде хабар түскен. Қоңырау шалғандар «Нұр-Сұлтан-Петропавл» автомобиль жолында КамАЗ көлігінің аударылып, жанып жатқанын айтқан. Көмекке жақын маңдағы Келлеровка елді мекенінің өрт сөндірушілері жетіп, көліктің сөндіріп алды. Оқыс оқиғадан ешкім шекпеді.
Жол-көлік оқиғасы жайында СҚО полиция департаменті де түсінік берді. Мамандардың айтуынша, жүк көлігіне қиыршық тас артылған. Қолайсыз ауа райына байланысты жүргізуші рульге ие бола алмай қалып, машинаны аударып алған. Салдарынан жүк көлігінен от шыққан.