Қызыл жалын шарпыған үйден 51 тұрғын құтқарылған
Астанада электр желісі істен шығып, су тоқтаған түні 72 жастағы зейнеткер өрттен ажал құшты. Мұны елордалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Егде жастағы әйелдің мәйіті оқиға орнынан табылған. Қызыл жалын шарпыған үйден 51 тұрғын құтқарылған. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Жылу электр орталығының істен шығуы біраз елордалықты әбігерге салды. Бір сәтте жарық жоғалып, ауладан бастап көшеге дейін тас қараңғыда қалды. Тоқ болмаған соң шам да жарқырамайды, бағдаршам да жанбайды. Полиция дерегінше, сол түні Астанада 11 жол апаты тіркеліпті. Кей тұрғындар су да тоқтап, ұялы байланыс нашарлағанын жеткізді.
– Жарық жыпылықтап тұрды да, өшіп қалды. Ыстық су да тоқтады. Не істерімізді білмедік? – деді қала тұрғыны Ризахмет Дәулетбаев.
– Су, жарық, жылу, интернет бәрі – электрге тәуелді ғой. Екі сағат бойы қараңғыда отырдық, – деді қала тұрғыны Гүлнар Мырзалықызы.
– Біз оң жағалауда жеке үйде тұрамыз. Көпқабатты үйлердің, қаланың қараңғы болғанына алаңдадық. Байланыс та нашарлады, – деді қала тұрғыны Аслан Бияхмет.
Елордадағы жарық түнгі сағат 22:00-де сөнді. Мұны сол кезде Энергетика министрлігі жылу электр орталығындағы ақаумен байланыстырды. Ал бүгін қала әкімдігінің өкілдері оқиғаның мән-жайын айтып берді.
– Төтенше жағдай жетекші желіде болды. Апаттың алдын ала болжам бойынша, кабельдің үзілуі және шкафтардың бірінің өртенуі себеп болған. Бұл штаттан тыс жағдай, түнгі сағат 02:00-де барлық абонент электр қуатымен қамтамасыз етілді. 2 сағат бойы қаланың оң жағалауындағы кейбір әлеуметтік нысанда жарық болмады. Барлық медициналық нысан бойынша дизель-генератор іске қосылып, уақытша жарық берілді, – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов.
Әкімнің орынбасары жылу электр орталығының 2-стансасында технология бұзылғамағанын айты. Қысқа тұйықталудан бір сәтте 3 ауданда жарық өшкен. Ауруханалар мен әуежай генератормен амалдаған.
– Желіні жөндеуге бригада шақырдық. Олар түнгі 11:00-ден 1:00-ге дейін арнайы санаттағы барлық нысанның электр желісін қалпына келтірді. Қосалқы стансаларға қуат жетіп, жарық берілді, – деді «Астана-АЭК» АҚ орталық диспетчерлік қызметінің бастығы Наурызбек Байтұяқов.
Энергетика министрлігінің дерегінше, сол түні 100 мыңға жуық абонент жарықсыз қалған. Бұл – астаналықтардың 20 пайызы. Апаттың себебін енді арнайы комиссия тексеріп, 10 күннен кейін келген шығынды бағалайды.
Оразай Нұртайұлы, Мира Әлжанова, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Астанадағы қосалқы стансалар қалпына келтірілді