Алматыда ыстық су құбыры жарылып, бір адам күйіп қалды

Алматыда ыстық су құбыры жарылып, бір адам күйіп қалды
Жарылған құбыр 1971 жылы салынса керек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Куәгерлердің айтуынша, апат Бөкейханов көшесінде, Райымбек даңғылының төменгі жағында сағат 12-ден кеткенде болыпты. Қысымға шыдамаған жылу құбыры жарылып, су атқақтай бастапты. Басында арлы-бері жүйткіген жүргізушілер ыстық суды елемей өте берген. Кенет судың деңгейі тез көтеріліп үш көлік су астында қалып қойған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мына үш көліктің иесі тәуекелге бел буып, судың арға бетіне өтіп кетпек болған. Бірақ дәл ортасына барғанда көліктері істен шығып, адамдарды көмекке шақырған. Дереу байқаған жүк көлігінің иесі суға кіріп, жолаушыларды жағаға алып шығыпты.

Үш көлікте барлығы алты адам болған. Олардың екеуі ширақ қимылдап қарсы келе жатқан көлікке мініп үлгерсе, ресейлік қызыл тұлпардың иесі көлік үстіне шығып кетіпті. Ал, бізге жүзін көрсетпеуді сүраған ниссан көлігінің жүргізушісі сол аяғын күйдіріп алған.  

«Мен өтіп бара жатқанда су аз болатын. Дәл бұлай тез көтеріліп кетеді деп ойламадым. Көлігім орта жолда өшіп қалды. Осы көліктің арқасында жанымды бағып отырмын. Өзім екінші топтағы мүгедекпін. Зейнеткермін», - дейді зардап шегуші Алексей.

Оқиға орнына жеткен жауапты мекеме өкілдері апат салдарын қалпына келтіру жұмыстарына кірісіп кетті. Айтуларынша құбыр жұмыс істеп тұрғанына жарты ғасырға жуықтаған. Зардап шегушілерге көмек көрсетіліп, көліктерін қалпына келтіріп береміз деп уәде етті.

«Қазіргі таңда бір адам жарақаттанды. Сақтаныру болса, оның бәрін көтереміз. Су жарылған құбыр 1971 жылы салынған. Бұл аймақта қазіргі таңда 30 көпқабатты, 95 жер үй, 1 емхана және 100-ден астам әлеуметтік мекемелер орналасқан», - дейді Алматы қаласы Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет МАСАБАЕВ.

Осылай деген шенеунік тозығы жеткен құбырларды жаңалау мәселесін нақты айта алмады. Тек кешкі сағат 21.00-ге дейін судан тазартып, жолды ашамыз деп уәде берді.

Қуан Нұрақын, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров