Топырақ опырылып адам өліміме әкелген апатқа қатысты Алматының Медеу аудандық полициясы қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – түнгі сағат 3:00 шамасында ұялы телефонға түсірілген бейнекадр. Түн ішінде айтып келмейтін апат мұндағы тұрғындарды есеңгіретіп тастаған. Жарқабақ төменге опырылып түскен. Салдарынан 3 мың текше метрден астам ауыр топырақ бір үйді түгел басып, аулада тұрған көліктерді жайпап өткен. Құтқару қызметі арада 8 сағат өткеннен кейін үйінді астынан қаза тапқандардың бірінің денесін алып шықты.
Түске таман топырақ астында қалған 4 адамның мәйіті толық шығарылды. Апаттан 40 жастағы отағасы, оның 44 жастағы жолдасы және 16 жастағы егіздер опат болды. Ал үйдің үлкені Ресейде оқуда болған. Жырақта жүріп бір күннің ішінде отбасынан айырылған жігітке қала басшысы толық материалдық көмек көрсетілетінін айтты.
Оқыс оқиғаға себеп болған нәрсе – жер астына жүргізілген ауыз су құбырынан су кетуі. Салдарынан күшін жоғалтқан ауыр топырақ ылғалданып, соңы селге ұласқан. Алайда бұл алдын ала жасалған болжам ғана.
– Таулы аймақтарда салынған үйлердің басым бөлігі ескі. Аудандық әкімдікке ескертік. Болашақта кәріз құдығын, ауыз су құбырларын тексеріп шығу керек, – деді «Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық басқармасының бастығы Самат Дәуленханов.
Аудан әкімінің айтуынша, таулы аймақта әкімдіктен рұқсат алмай өздігінен су құбыры мен кәріз жүйелерін жүргізіп алған тұрғындар бар көрінеді. Жүйесіз жұмыс кесірінен апаттың қаупі жоғары. Мемлекет қарамағына өтпеген жобаларға тексеру жүргізу де қиын.
– Су құбыры мен кәріз жүйелерін қарастыратын жоба былтырдан бері әзірленуде. Биыл наурызда құрылысқа кірісуді жоспарлағанбыз, – деді Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин
Қала әкімі қаза тапқан отбасының жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Болған жағдайға қатысты арнайы комиссия құрылды. Топ болған оқиғаның себептерін анықтау мен лай көшкіні салдарын жою бойынша жұмыстар атқарады.
Айта кетейік, Медеу аудандық Полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады.
Ұлағат Арғын, Хангелді Ахметханов, Жақсылық Тілепберген «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда лай көшкінінің қайталану қаупі жоқ