Тауарлар мен қызметтер сапасын бақылайтын комитет төрағасы Тимур Сұлтанғазиев карантин режимінің жеңілдетілуіне байланысты кейбір аймақтарда коронавирус дерегінің көп тіркелгенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуы бойынша тұрғындар көшеде маскасыз жүріп, өзінің және өзгенің қауіпсіздігін сақтамауда. Тіпті топтасып серуендеп жүргендер де көзге түседі. Бұл жеке адам үшін де, мемлекет үшін де қауіпті дейді комитет төрағасы. Сол себепті эпидемиологиялық жағдай да жақсармай отыр. Сондықтан ол жақын күндері қалалар арасындағы блок-бекеттер ашылмайтынын айтты.
«Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында карантин жеңілдетілгеннен бері азаматтар қауіпсіздік шараларын сақтамай жатқанын көріп отырмыз. Бір-бірінің үйіне қонаққа барып, еркіндікке бой алдырып жатқандар қаншама. Біз олай жасамау керектігін ескертеміз. Сонымен қатар, жабық ұжымдарда, яғни көп адам қызмет ететін мекемелерде, мысалы, Атырау облысындағы «Теңізшевройл» және оның субмердігерлік компанияларында немесе Шымкент қаласындағы «Петро Қазақстан» кәсіпорындарында көп тіркеліп жатқанын байқап отырмыз. Бұл жерде, біріншіден, жұмыс берушілер карантин талаптары мен орындалуға міндетті шараларды сақтауы тиіс еді», – деді ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтер сапасын бақылайтын комитет төрағасы Тимур СҰЛТАНҒАЗИЕВ.
Ал, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі санитарлық нормаларды сақтамаған бизнес нысандардың жабылып жатқанын хабарлады.
«Өткен аптада 15-ке жуық бизнес объектісі жабылған болса, күні кеше тағы 10 жабылды. Оның арасында әртүрлі бизнес өкілдері бар. Құрылыс компаниясынан бастап, мейрамхана онлайн түрінде жұмыс жасаған және де басқа дүкендер бар. Бұл объектілер жабық күйінде қала береді. Қашан олар санитарлық нормалардың барлық ескертуін түземейінше, олар жабық күйінде қалады...», – деді қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан БЕКМУРЗАЕВ.