|
18.03.2019 | 19:07
4978

Астанада құтқарушылар жарылыстан көз жұмған әйел денесінің бөлшектерін әлі таппай жатыр

Құтқарушылар үйінді астынан мәйітті әлі іздестіруде

Астанада құтқарушылар жарылыстан көз жұмған әйел денесінің бөлшектерін әлі таппай жатыр 24.kz

Өткен аптада Астанадағы кәсіпорынның бірінде болған жарылысқа ғимараттың жылыту жүйесіндегі ақау себеп болуы мүмкін. Мұндай болжамды еліміздің Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер мәлімдеді. Еске салайық, төтенше жағдай 15 наурыз күні кешкі бестер шамасында «Молпродуктсервис» ЖШС-не тиесілі әкімшілік нысанда болған. Салдарынан үш адам ауыр жарақат алып, бір келіншек мерт болды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жарылыстың қаншалықты жойқын болғанын қираған ғимараттың үйінділерінен көруге болады. Қосқабатты нысанның шатыры опырылып, қабырғалары құлаған. Мамандардың айтуынша, қызыл жалын 600 шаршы метр аумақты шарпыған.

Құқыққорғаушылар журналистерді апат аймағына жақындатпады. Себебі, дәл қазір онда тергеу амалдары жүріп жатыр. Төтеншеліктер жарылыстан мерт болған 30 жастағы әйелдің денесін әлі де іздестіруде. Бүгін осымен үшінші күн екенін атап өту керек. Әзірге оның аяғы ғана табылыпты. Қазір мамандар үйінді қалдықтарын ірі, орташа және ұсаққа сұрыптап, арнайы елеуіштен өткізуде. Осының арқасында көз жұмған келіншектің денесін табамыз деген үмітте.

Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мерт болған әйелдің дене мүшесін 16-наурызда түнгі бірлер шамасында табылғанын мәлімдеді. Десе де, туыстары ақтық сапарға шығарып салу үшін оның қалған дене бөліктерін табылғанын қалап отырған көрінеді. Сондықтан құтқару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Жалпы, жарылыс кезінде ғимаратта барлығы төрт адам болған. Олардың екеуі ғимараттан өз бетімен шықса, үшіншісін үйінділердің астынан құтқарушылар алып шыққан. Жарылыс жайлы 101 қызметіне зардап шеккендердің бірі хабарлапты.  

«Сағат кешкі бестен алты минут кеткенде өрт сөндіру қызметінің 101 пультіне Алаш 65/1 мекенжайы бойынша «Молкомпродуктсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі екіқабатты ғимаратта жарылыс болды деген хабарлама келіп түсті. 17:15-те барлық бөлімшелер төтенше жағдай орнында болды. Ғимарат жартылай қираған. Бірінші-екінші қабаттағы плиталар құлаған. Анықталғаны, ғимарат газбен жұмыс істейтін жылыту қазандықтары арқылы жылытылып отырған. Жер асты газгольдерлері ғимаратқа жақын орналасқан. Алдын ала болжамдар бойынша, жарылысқа газ құрылғысындағы ақау себеп болуы мүмкін», - дейді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир БЕККЕР.

Жарылыстан зардап шеккен бір әйел елордадағы Травмотология және ортопедия ғылыми зерттеу институтына түсті. Ал, денелерін 70 және 50 пайыз күйік шалған екі адам қазір нөмірі бірінші аурухананың жансақтау бөлімшесінде жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалауда.

«Науқастар жансақтау бөлімшесінде аса ауыр халде жатыр. Өкпелері жасанды демалдыру аппаратына қосылған. Бүгін ғана шоктан шығып отыр. Әйел адамның денесін 70 пайыз күйік шалған. Оның 40 пайызы «үшінші» дәрежелі, яғни терең күйген. Ер адамның денесін 50 пайызға дейін күйік шалды. Бүгінде оларға барлық қажетті емдом жүргізілуде», - дейді Астана қаласы №1 ауруханасы комбустиология бөлімшесінің меңгерушісі Павел КУДНЯКОВ.

Ал, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары оқиға орнында ешқандай газ баллондары табылмағанын мәлімдеуде. Бүгінде жарылыстың неден болғаны анықталуда. Осы жағдайға байланысты қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.

Салтанат Нысанбек, Жігер Бабаханов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир