Медеу ауданында жеміс ағаштары заңсыз кесіліп жатыр. Экологтар осылай деп дабыл қағуда. Олардың сөзінше, құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде жайқалып тұрған бірнеше мың тал сүрілген. Ал, экологтардың Медеу аудандық әкімдігіне жолдаған сұрақтарын, жергілікті билік өкілдері жауапсыз қалдырыпты. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
«Бұл жерді қаланың ең биік нүктесі деп те айтуға болады. Мұнда жайқалған жасыл желек болатын. Серуендеуге арналған жолдар да бар еді. Біз жиі осында келіп, таза ауамен тыныстап, әсем қаланы тамашалайтынбыз», – деді қала тұрғыны Татьяна Пилпани.
Қала тұрғыны Татьяна Пилпани бұл маңның қандай көрікті екенін осылай күрсініп суреттеді. Кесілген ағаштар мен шаңы шыққан топырақты көргенде көзіме жас келді дейді. Көктөбе маңындағы белгісіз құрылыс жұмыстары кезінде мыңдаған алма мен өрік ағаштары заңсыз кесілген. Тұрғындар серуендейтін тау маңын негізсіз қопарып жатыр дейді, экологтар. Онда жер иесі де, мердігер компания өкілі де табылмады. Шырылдап жүрген баяғы сол экологтар. Олар тіпті, сары топырақ та жауын шашын кезінде балшық болып қалаға ағады ма деп қорқуда.
«Мұндағы топырақтар тұрақсыз. Егер сел жүретін болса, бәрі қалаға ағады. Оның алдына бетон қорғаныстар қойғанымен, ол көмектеспейді. Тағы бір айта кетерлігі –алдағы уақытта үлкен қоршаулар қойылып, серуендеушілерге кіруге рұқсат берілмейді. Біздің таза ауа жұтатын жеріміз қалмай барады», – деді эколог Тимур Елеусізов.
Ал, қалалық Жасыл экономика басқармасының өкілдері мұндағы ағаштар кесуге рұқсат берілген жоқ деп отыр. Сондықтан алдағы уақытта жауапты мамандармен бірлесіп тексеріс жұмыстары жүргізілетінін айтты. Заңбұзғандар міндетті түрде жауапкершілікке тартылады деп сендірді жасыл экономика басқармасының бас маманы.
«Жасыл-желектерді заңсыз кескендер өтемақы ретінде ағаштарды қайта отырғызуы қажет және әкімшілік айппұл төлейді. Ол жерді иесі немесе құрылыс жүргізіп жатқан мердігер компания болу мүмкін. Оны қалалық Полиция басқармасымен және қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы бірлесіп анықтайтын боламыз», – деді Жасыл экономика басқармасының бас маманы Нұрлан Құттыбаев.
Кесілген ағаштардың санына қарай заңбұзғандар қылмыстық жауапкершілкке де тартылуы мүмкін. Оларды міндетті түрде анықтаймыз деп сөз берді.
Арнат Дүйсен, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы