Шымкентте 13 жастағы бала мектепте қайтыс болды

13.01.2024 00:23

Іске қатысты тергеп-тексеру басталды

Almaty.tv

Шымкентте 13 жастағы бала мектепте қайтыс болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қайғылы жағдай кеше сағат11:00 шамасында болған. Шымкенттегі №48 мектептің спорт залында 8-сынып оқушысы жан тапсырды. Азамат Тұрдалы сол күні төртінші сабаққа еш шағым айтпай келген. Сыныптастарымен футбол ойнайын деп тұрған жерінен сұлап түсіпті. Содан бері ес жия алмай жүрмін деген ұстазы «бәрі көз алдымда тұр» дейді.

– Қақпаның алдында «қорғаушы» әрекетін жасап тұрды. Сол кезде көз алдымда отырып барып, көзі аларып бірден құлады. Дәрігерлерді көмекке шақырдым, Олар әрекет жасап, мен аман алып қаламын ба деген үмітпен, аяғын уқалай бердім, – деді №48 ЖББ дене шынықтыру пәні мұғалімі Нұрлан Байсейітов.

Алайда 13 жастағы жеткіншектің жанын алып қалу мүмкін болмады. Араға бірер минут салып келген медбике де, жедел-жәрдем қызметкерлері де қолдан келер шара болмады дейді. Шақыртылған көмек келгенше баланың демі үзіліпті.

– Қалыпты жағдайда нашатырь иіскетсеңіз, талып қалған бала есін жияды. Ал Азаматта мүлдем реакция болған жоқ. Мақтамен мұрнына жақтым. Сәл қимылдағандай болды, қуанып денесін уқаладық, – деді №48 мектептің медбикесі Гүлжамал Розиева.

Қазір іске қатысты тергеп-тексеру басталды. Мамандардың алдын ала болжамы бойынша жасөспірімнің жүрегі ісінген. Оқушыны бүгін Қазығұрт ауданында қарасты ауылына жерледі.

Назерке Үкібасова, Елдар Жүнісқанов, «Алматы» телеарнасы, Шымкент

Оқи отырыңыз: Жұмыссыз қалған мектеп күзетшілеріне 115 млн теңге өтемақы төленді