|
31.03.2020 | 19:28
1443

Карантин: Алматыда 196 заң бұзушылық анықталып, 83 адам әкімшілік жазаға тартылды

Дерттен құтылудың бірден бір төте жолы, ең алдымен, өзіңіздің өміріңіз үшін – үйде отыру

Карантин: Алматыда 196 заң бұзушылық анықталып, 83 адам әкімшілік жазаға тартылды kursiv.kz

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев коронавирусқа қарсы  барлық шараларды күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

Төтенше жағдай жөніндегі құрылған арнайы штабқа өзі бас-көз болып жүрген шаhар басшысы карантинде жатқан пациенттердің денсаулығын жіті қадағалау, сондай-ақ,  тәртіпті барынша қатаңдату қажеттігін де қадап айтты. Осы шешімдердің орындалу барысы бүгін штабтың кезекті онлайн режимінде өткен жалпы отырысында талқыланды.

Төтенше жағдай жөніндегі қалалық жедел штабтың жұмысы күнде осылай қыз-қыз қайнап жатады. Мұнда күніне екі рет штабтың жалпы отырысы өтіп, қалыптасқан жағдай жан-жақты талданады. Тұрғындар тарапынан туындайтын түрлі сұрақтар да осында қаралып, оны ары қарай тыңғылықты шешудің алгоритмі әзірленеді. 24 сағат тынымсыз жұмыс жасайтын штабқа күніне орта есеппен 800-ге жуық қоңырау түсіп отырады екен.

«Телефонға хабарласып жатқан  халық көбіне «қаланың ішінде жүріп-тұруы және де Үкіметтен қандай көмек ала аламыз, әлеуметтік көмек қалай аламыз» деген сияқты сұрақтар қояды. Біз оны әр басқармада құрылған жедел штабтардың телефон нөмірін беріп, сол жаққа жолдап отырамыз», – деді Төтенше жағдай жөніндегі қалалық жедел штабтың мүшесі Рауан ЕСІРКЕНОВ.

Әр құрылым өзіне тиесілі мәселелерді бөліп алып, халықтың қауіпсіздігі мен ыңғайына қарай әрекет етеді. Жалпы штаб қаладағы санитарлы-эпидемиологиялық жағдай, коронавирус жұқтырғандарды бақылау, дәрігерлердің қандай шара қолданып жатқандығын талдау, дезинфекциялық жұмыстарды, блок-бекеттердегі тәртіп пен қалалықтарға сақтық ережелерін түсіндіруді қамтитын сегіз бағыт бойынша үздіксіз жұмыс жасайды. Режим күшейтілгелі бері қала тәртібін бақылауға екі мыңнан астам полиция қызметкері, Ұлттық Ұлан мен қорғаныс министрлігінің әскерилері жұмылдырылған. Бүгінде 196 заң бұзушылық анықталып, 83 адам әкімшілік жазаға тартылды. Төтенше жағдайда, қауіпті індеттің таралмауын қамтамасыз ету үшін, жауапкершілікті күшетуден басқа амал жоқ, дейді жедел штаб өкілдері.

Бүгін елімізде коронавирус жұқтырып қайтыс болған екінші адам белгілі болды. 50 жастағы азамат 21 наурызда ауруханаға жатқызылған. Бірақ оған дейін ол бір ай ауырған, яғни дер кезінде дәрігерге жүгінбеген. Енді науқастың 31 тұлғамен қатынаста болғаны анықталып отыр. Ең өкініштісі, COVID-19 инфекциясы оның жақындарының ішіндегі екі адамнан да расталған. Бұған дейінгі тіркелген алғашқы жағдай да осыған ұқсас. Коронавируспен ауыратын 64 жастағы әйелдің Алматы мен Шуға қонаққа барғандығы мәлім болған еді. Енді оның қанша адамға жұқтыруы мүмкін екенін елестетіп көріңізші. Қорқынышты, әрине. Сондықтан да төнген дерттен құтылудың бірден бір төте жолы, ең алдымен, өзіңіздің өміріңіз үшін –  үйде отыру.  

Назкен Еркін, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир