|
09.01.2020 | 19:29
3501

Нұр-Сұлтанда баланы комаға түсірген тіс емханасы жабылуы мүмкін

Тәуелсіз сарапшылардан құралған комиссия емханадан бірқатар заңбұзушылықтарды анықтаған

Нұр-Сұлтанда баланы комаға түсірген тіс емханасы жабылуы мүмкін

Нұр-Сұлтанда баланың комаға түсуіне ешбір негізсіз, қосымша салынған анестезиялық препарат әсер етуі мүмкін. Тәуелсіз сарапшылардан құралған комиссия бүгін тексеріс нәтижелерін жариялады. Баланы ес-түссіз хәлге жеткізген тіс емханасында бірқатар заңбұзушылық анықталған екен. Сондықтан оны қазір жабу мәселесі тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Балғын жағдайының нашарлауы егілген препараттардың біріне анафилактикалық шоктың дамуымен байланысты болуы барынша ықтимал. Мұндай тұжырымдаманы тәуелсіз сарапшылардан құралған комиссия шығарып отыр.

«Тексеруді кеше аяқтадық. Нәтижесінде бірнеше заңбұзушылықты анықтадық. Олардың бастысы, Севофлуран препаратымен жасалған жалпы анестезияға қоса, ешбір негізсіз қосымша 4 жасқа дейінгі балаларға егуге болмайтын, Мепивастезин жергілікті анестезия препараты қолданылғаны», - деді ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Лаура АХМЕТНИЯЗОВА.

Анықталғаны, тіс емханасында баланы емдеместен бұрын аллергияға қарсы сынама да алынбаған. Бұл ретте тәуелсіз сарапшы Тимур Цой үш жасқа дейін балғындарға тері аллергиялық сынама жүргізілмейтінін атап өтті. Десе де, анестезиолог-реаниматолог дәрігер ота жасалатын сәттен кем дегенде бір күн бұрын қарауы қажет еді дейді.  

«Стандартқа сәйкес анестезиолог пациентті болжалды ота жасалатын сәттен кемінде 24 сағат бұрын қарауы тиіс. Бүкіл талдамаларды қарап, ата-анасымен сөйлесіп, қажетті ақпараттарды біліп алуы қажет. Бірақ бұл талап орындалмады. Ол бүлдіршінді жалпы наркоз беруге 15 минут қалғанда ғана тексерген», - деді тәуелсіз сарапшы, анестезиолог және реаниматолог Тимур ЦОЙ.

Тексеріс барысында тіс емханасында бірқатар заңбұзушылықтар анықталған. Мәселен, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сақтау талаптары бұзылған. Ал баланы ұйықтатқан анестезиологта тіптен ем жүргізуге лицензиясы болмаған. Клиникалық тәжірибе жүргізуге қажетті сертификаты былтыр қазан айында аяқталыпты. Ерекше атап өтерлігі, дәрігерлердің лицензиясыз жұмыс істеуі аталған емханада осыған дейін де болған.

«Біз сот органдарына аталған клиниканың жұмысын тоқтату туралы талап өтініш дайындап жатырмыз. Себебі осы тектес жағдай 2018 жылдың қарашасында және 2019 жылдың мамырында орын алған болатын. Сол кезде анестезиологиялық-реанимациялық көмек көрсету стандарттары сақталмағандығы, дәрігерлерде сертификаттың жоқтығы анықталған болатын», - деді ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Лаура АХМЕТНИЯЗОВА.

Бір өкініштісі, шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий қабылданған. Оқыс жағдай орын алмайынша, оларды тексеруге болмайды екен.

«Нұр-Сұлтанда 150 тіс емханасы жұмыс істейді. Тұрғындар тарапынан қандай да бір шағым түскенде ғана тексере аламыз. Осыған дейін санитарлық-эпидемиологиялық ажғдаяттарын ғана бақылаймыз. Ал фармакологиялық қызметін еш тексермедік», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Сархат БЕЙСЕНОВА.

Ал комаға түскен балғынның жағдайы сол бір қалыпты. Өмірі қыл үстінде, дейді ақ халаттылар. Оны осындай ес-түссіз хәлге жеткізген емхана жетекшісі мен дәрігеріне 5-10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін құқық қорғау органдары шешпек.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир