Жауынгерлер таулы аймақта түрлі кедергілерді еңсеріп, арнайы тапсырмалар орындады. Теориялық және практикалық сабақтар барысында екі елдің әскери қызметшілері таулы, тактикалық арнайы даярлық элементтерін пысықтап, әскери топография мен байланысты ұйымдастырудағы білімдерін жетілдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Одан басқа, екі елдің әскери бөлімшелері құрама жасақ құрамында қарсыластың барлауына дайындалу және жүргізу, заңсыз қарулы құралымдарды оқшаулау бойынша арнайы операцияны орындады.
«Ыстықкөл - Аңырақай-2019» оқу-жаттығуы бірлескен жұмыста екі елдің бөлімшелерінің шынайы жауынгерлік әзірлігін, үйлесімділігін бағалауға мүмкіндік берді. Қазақстан Қарулы Күштерінің атынан оқу-жаттығуға екі арнайы мақсаттағы топ және бір броньдалған топ қатысты. Барлығы 30-ға жуық әскери қызметші.
Таулы дайындық маңызды практикалық кезең болды. Қазақстан Қарулы Күштері әскери қызметшісінің айтуынша, біздің жеке құрам сақтандыруды пайдалана отырып, тауға өрмелеу мен түсу, сондай-ақ таулы жерде қозғалу бойынша жаттығуларды сапалы пысықтады.
«Қазіргі таңда біздер Қырғыз мемлекетінің арнайы мақсаттағы топтарымен бірігіп, тактикалық іс оқу-жаттығуларына кірісудеміз. Ең бірінші кезең ол практикалық түрде таулы аймақтарда сақтандырғыштың көмегімен таудан түсу және көтерілу, содан кейін жауынгерлердің әрмен қарай іс- қимылын дұрыс атқару болып есептеледі», – деді Арнайы мақсаттағы барлау тобының сержанты Данияр ИМАҒАНБЕТОВ.
Жаттығуларды орындау барысында жауынгерлер кез келген кедергілерді еңсеретіндерін көрсетті. Мұндай шара жиі ұйымдастырылып отырады екен. Қос елдің сап түзеген сарбаздары бірлесе тапсырма орындау арқылы тәжірибелерін де арттыруда. Командирлер үшін осындай шара жеке құрамды тыңғылықты дайындау үшін керемет мүмкіндік болса керек. Сондықтан жыл сайын қару асынған жігіттерді осында дайындаймыз дейді.
«Барлық жеке құрам толықтай меңгеріп, таулы аумақтан түсуге жүзеге асыруда. Ендігі кезең – біріккен топтармен бірге арнайы мақсаттағы жаттығуларды орындау», – деді Арнайы мақсаттағы барлау тобының сержанты Данияр ИМАҒАНБЕТОВ.
Қазақстан мен Қырғызстан Қарулы Күштері бөлімшелерінің мұндай бірлескен жұмысының форматы жиі түрде жүргізіліп тұратынын айта кеткен жөн. Өткен жылы «Аңырақай-2018» оқу-жатығуына екі мемлекеттің 300-ден аса әскери қызметшісі қатысты.
Өмір Әнуарбек, «Алматы» телеарансы