Жамбыл облысында егіс алқаптары қурап, диханшылар өнім ала алмай отыр

almaty.tv
almaty.tv
Егіншілер енді ең болмаса пиязға су берсе дейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысында егіс алқаптары қурап, ел еккен егістерінен өнім ала алмай отыр. Себебі суарар су жоқ. Бүгін облыс орталығына қарасты Көлтоған және Құмшағал елдімекендерінің диқандары жиылып осы мәселені шешіп беруді талап етті. Ал, жергілікті атқарушы орган қауқарсыз, себебі Теріс Ащыбұлақ су қоймасындағы су қоры биыл 3 есе төмендеп кеткен. Almaty.tv тілшісі Мерей Бает толығырақ айтсын.

Бұл – жаз бойы маңдай терін төгіп, егін егіп енді жемісін көреміз бе деп отырған қос ауылдың дихандары. Бірақ сол еңбек желге ұшатын секілді. Себебі суарар судың болмауы егісте қуаңшылық жағдайын туындатып отыр. Салдарынан біраз гектар жоңышқа қурап, арпа мен бидай да өз-өзін ақтамаған. Егіншілер енді ең болмаса пиязға су берсе дейді.

Блиц: 

1) Бидайымыз да, арпамыз да күйіп кетті. 400 га ектім, 40 гектардан ештеңе ала алмадым ғой.

2) Жоңышқа мүлдем қурап жатыр. Бітті, оны тоқтаттық. Енді пияздың өзі қурап жатыр.

3) Су жоқ, жоқ. Жоғары жақтағылардың деңгейі түспейді, ең соңғы отырған біз жаққа су жетпейді. Су жоқ. Айналып келгенде қара халық бір-бірімен қырылады.

Даудың басы, қырғыз-қазақ шекарасындағы мына су тоспасынан басталған. Шаруалар судың тең дәрежеде бөлінетініне күмәнданады. Мәселен, мына оң жақтағы арнаға 1 тоспа ашық болса, екіншісіне 2 шлюздің ашық екенін байқаймыз. Диқандар бұл мәселені шешу үшін облыс әкімінің орынбасарын осында арнайы шақырған.

Ал, облыс әкімінің орынбасары қазіргі жағдайға диқандардың өзін кінәлап отыр. Олар егістік көлемін ұлғайтарда әкімдікпен кеңесуі керек еді дейді.

«Жылдан жылға шаруалар алаңын көбейтеді. Біз шаруларға қанша айтсақ та, бізді тыңдайды, тыңдауы да екіталай. Сондықтан әрбір насосқа облыстан водхоздан рұқсат алу керек. Рұқсат алмаса, біз оларға су бермейміз. Енді суды бүкіл аудандағылардай графикпен береміз», – деді облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев.

Суды кестемен берумен мәселе шешілмейтін секілді. Себебі жылда 20 млн текше метр су жиналатын Теріс Ащыбұлақ су қоймасындағы биылғы мөлшер 7 млн текше метрге дейін азайған. Ал, бұл өте аз дейді.  Сондықтан алдағы уақытта тіршілік нәрінің мәселесін толыққанды шешпей, егістегі тіршілік те оңбайтын түрі бар.  

Мерей Бает, Мейіржан Ерболатов, «Алматы» арнасы, Жамбыл облысынан


Новости партнеров