|
Jol
12.04.2024 | 19:39
2509

Су тасқыны: Ақтөбедегі Песчанка өзенінің үстінен өтетін көпір құлады

Ұзындығы 15 метр өткел 40 жыл бұрын салынған

Су тасқыны: Ақтөбедегі Песчанка өзенінің үстінен өтетін көпір құлады Almaty.tv

Ақтөбедегі су тасқыны Қарғалы тұрғын үй алабындағы Песчанка өзенінің үстінен өтетін жалғыз көпірді қиратып кетті. Тұрғындар шама-шарқы жеткенше қалпына келтіргенмен, өткел әлі апаттық жағдайда тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қарғалы тұрғын үй алабында қазір 300-ден астам отбасы тұрады. Жергілікті тұрғындар өткел арқылы ары-бері қатынауға мәжбүр. Онсыз да жай-күйі нашар жол тасқын салдарынан, тіпті қирап қалған. Алайда оқушылардың мектепке баруы үшін көпірді пайдаланудан басқа амалы жоқ.

Ұзындығы 15 метр өткел 40 жыл бұрын салынған. Тұрғындар «мектеп пен балабақша, дәріхана мен жұмысқа апаратын қысқа һәм жалғыз жол «қылкөпірге айналды» деп отыр. Песчанка өзенінде көтерілген судың деңгейі төмендегенімен, опырылған өткелді қайта қалпына келтіру мүмкін болмады.

– Өткел қауіпті, балалар құлап кетуі мүмкін. Шара қолдану керек шығар, – деді қала тұрғыны Гүлнәр Балдығарина.

Алайда маңызды нысан тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының балансында жоқ, сәйкесінше оны жөндеуге бюджет те қарастырылмаған. Бірақ жергілікті билік мәселені біржақты етуге тырысатынын айтып, уәде етті.

– ЖКХ бөлімі мен Алматы ауданы әкімдігінің мамандары барып, зерттеу жүргізеді. Егер қалыпқа келтіру керек болса, бар мүмкіндікті қарастырамыз, – деді Алматы ауданының әкімі Асланбек Сүйіншәлиев.

Жауаптылар осы аптаның соңына дейін көпірді тексеріп, тұрғындарға жауап беретінін жеткізді.

Гүлмарал Изатқызы, Лейла Әуесова, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе облысынан

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында ауыл тұрғындары вагонның астымен өтуге мәжбүр

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир