Қарғын су: Құлсарыдан 31 мың азамат көшірілді

Almaty.tv
Almaty.tv
Су басқан үйдің санын ресми органдар 2810-ға жетті деп мәлімдеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үш күн бұрын су басқан Құлсары қаласында қазір су деңгейі біршама түскен. Дегенмен қауіп толық сейіле қойған жоқ. Жайықтан келер су мөлшері артса, ықшамаудандардан бөлек, Атыраудың өзінде де апатты жағдай болуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Атырау облысында тұрғындарды эвакуациялық пунктерге көшіру қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде Құлсарыдан 31 мың азамат Маңғыстау, Бейнеу, Атырау қалаларына көшірілген. Ал жалпы су басқан үйдің санын ресми органдар 2810-ға жетті деп мәлімдеді.

– Бізді жақсы қарсы алды, барлық жағдай жасалған екі бөлме бөлді. Құлсарыдан түстен кейін шықтық, таңертең су біздің ауылға жақындап, үйден бір пакетпен жүгіріп шығуға тура келді. Күйеуімді отбасына көмектесу үшін 5 күн жұмыстан босатты. Ауылдан шағын автобусқа отырып, вокзалға жеттік. Құлсарыдан Мақатқа пойызбен жетіп, еріктілер Атырауға алып кетті. Мұнда жақсы қарсы алды, тамақтандырды. Киім-кешекті жуып алуымызға да жағдай жасады, – деді Құлсары қаласының тұрғыны Айнаш Тілепбергенова.

Тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсетуге ниеттенгендердің қатарында еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін бар. Оған дәлел – 92 жастағы Орынша Қожиева. Әлеуметтік желіде көпті сүйсіндірген зейнет жасындағы ана ел басына күн туғанда қолдан келгенді жасауды парыз санайды. Айта кетейік, қалада құрылған арнайы штабқа 2 күннің ішінде 20 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жиналған. Оған 5 мың атыраулық атсалысқан.

– Балаларға барып қапшығымның аузын ашып, көмектестім. Өзім баяғыда осында жұмыс істедім. Елдің тыныштығын, тәуір болғанын қалаймыз, – деді Бейбарыс ауылының тұрғыны Орынша Қожиева.

Ұрымтал сәтті пайдаланып, ұтқысы келетіндер көп. Әсіресе азық-түлік бағасын аспандатып жіберетін кәсіпкерлерге қатысты бақылау күшейтілді. Қала билігі одан бөлек, тасқынға қажетті құрал-жабдық құнының да назарда болатынын айтты.

– Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерді бағасын тұрақтандыруға байланысты Атырау қаласы әкімдігі барлық сауда орталығының, дүкендердің басшыларын жинап, оларға нақты ұсыныс айтты. Сонымен қатар Жайық өзенінің көтерілуіне байланысты қорғаныс бекеттерін бекітуге қажетті құрал-саймандардың, қапшықтардың, күректердің бағасы көтермеуге тапсырма берілді. Баға көтеріліп, сатылса, қалалық әкімдікке хабарласу керек, мәселе шешіледі, – деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов.

Қазір қала мен елдімекен тұрғындары да сақтық шараларын күшейтті. Азаматтар бөгет орнатып, құм, инертті материалдарды төсеп жатыр. Бұған дейін өңірде 2 адамның суға кетіп, қайтыс болғаны хабарланған, ал жоғалған өзге екі азаматты іздеу әлі жалғасып жатыр.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархад Тәжиев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы

Оқи отырыңыз: Ақтөбеге Қонаев қаласынан жылжымалы көпір жеткізілді

Новости партнеров