Павлодар облысында су тасқынынан зардап шеккендер өтемақы алды

Almaty.tv
Almaty.tv
Су басқан өңірлерде 100 сәби аман есен дүниеге келді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Павлодар облысында су тасқынынан зардап шеккендер өтемақы алып жатыр. Бір реттік қаражат бюджеттен тыс қорлардан бөлінеді. Жалаулы ауылында жарияланған төтенше жағдай режимі алынып тасталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде мемлекеттік органдар сағат сайын брифингке шығып, су басқан өңірлердегі ахуалды баяндап жатыр. Павлодарда жағдай тұрақталып келеді. Осыған байланысты ондағы құтқарушылар көрші өңірге көмекке аттанған. Өңір басшысы Асайын Байхановтың ақпарына сай, осы аптада су тасқынынан зардап шеккендерге 369 мың теңге шамасында бір реттік өтемақы беріледі.

– Су тасқыны кезінде зардап шеккен барлық тұрғынға жан-жақты көмек көрсетіледі. Арнайы комиссия келтірілген залалды бағалап, оның қорытындысы 10 сәуірге дейін дайын болады. Су тасқыны кезінде зардап шеккен жандар назардан тыс қалмайды. Оларға бюджеттен тыс қорлардан өтемақы төленеді. Бүгінде облыстың басқа аудандарында бюджеттен тыс қаражаттан, 38 миллион теңгеге мүлкі зардап шеккен 71 адам өтемақы алды, – деді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

Қазір су басқан өңірлерде 3 мың 300-ге жуық медицина қызметкері тынбай еңбек етіп жатқанын да айта кету керек. Қауіпті аймақтан эвакуацияланған тұрғындарға дәрігерлер көмек көрсетуде. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиева, мамандар ең алдымен жүкті әйелдерге, созылмалы ауруы бар адамдарға, сондай-ақ қарттарға қол ұшын созып жатқанын айтты.  

– Жүкті әйелдер бірінші кезекте су басқан жерлерден эвакуацияланды. Мерзімі таяған жүкті әйелдер емдеуге жатқызылды және дәрігерлердің бақылауында болады. Келесі күні біз қуанышты жаңалық бердік. Су басқан өңірлерде 100 сәби аман есен дүниеге келді, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиева.

Оқу-ағарту министрлігінің ақпарына сай, қазіргі кезде уақытша орналастыру пункттерінде 3 мыңға жуық бала бар. Олар онлайн оқу үшін техникалық құралдармен жабдықталған. Сонымен қатар тасқын судан аса зардап шеккен өңірлердегі оқушылар үшін балаларды сауықтыру орталықтарына жолдама бөлінген.

– Бүгінде Ақмола облысындағы «Жаз даурен» лагері 80-нен астам баланы қабылдады. Сондай-ақ республикалық инновациялық маңызды мектеп лицейінің жатақханаларында балаларды орналастыру мен оқу процесі ұйымдастырылады. Маңғыстау облысында 28 білім беру ұйымы Атырау облысы Құлсары қаласының эвакуацияланған тұрғындарын қабылдауда, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевты қабылдап, су басқан өңірлерде құлап қалған үйлердің құрылысын тез арада бастауды тапсырды. Қазір су шайған жерлерге жаңа тұрғын жай салу үшін жобалық-сметалық құжаттаманың құнын бекіту жұмыстары аяқталып келеді.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астанадан

Оқи отырыңыз: Қарғын су: Құлсарыдан 31 мың азамат көшірілді

Новости партнеров