Әлеуметтік желіде дәрігерлердің арнайы құралдардың орнына полиэтилен пакеттерді кигені Тараз қаласының шағын аудандарының бірінде түсірілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бірақ министрлік өкілі растаған бұл жағдайды кейбір жауаптылар жалған ақпар деп жатты. Көліктің мемлекеттік нөмірі Қазақстанда тіркелгені бейнеден анық көрінген. Бейнедегі мамандар шынымен дәрігерлер ме?
Халықтың күлкісі мен ашуын қатар тудырған видеода қызметкерлердің онкологиялық ауруханада жұмыс істейтіні айтылады. Оқиға 8 сәуір күні 12:20 шамасында Таразда түсірілген. Қызметкерлер қалада тіркелген «Амазонка» деп аталатын қатерлі ісік науқастарын қолдау қоғамдық қорының өкілдері болып шықты. Түсірілім тобымен мекемеге арнайы бардық. Бейнедегі көлік те шетел емес, қоғамдық қорға тиесілі екен. Ал, басшысы Анжелика Сарьян бастапқыда бейнетүсірілімге қарсылығын айтып, артынан аудиосұқбатқа келісімін берді. Мәселенің қалай болғанын түсіндіруге тырысты.
«Біздің мекемеге науқасқа көмек көрсету керектігі жайында ақпарат түсті. Біз қарт кісінің үйіне барғанымызда, пәтер жағдайының тым нашар екеніне көзіміз жетті. Негізі бір реттік қорғаныш киімдеріміз болған, соның сыртынан көліктегі пакеттерді қосымша кигіздік. Мен жұмысшыларымның денсаулығы үшін алаңдадым», – деді «Амазонка» қатерлі ісік науқастарын қолдау қоғамдық қорының директоры Анжелика САРЬЯН.
Аталған қоғамдық қор негізінен қатерлі ауруға шалдыққан тұлғаларға қызмет көрсетеді. Желідегі бейне де сол науқастың біріне бару кезінде, Төңкеріс иінінде орналасқан 5 үйдің ауласында түсірілген. Мекеме басшысының сөзінше, олар қоқыс пакеттерін науқастың жағдайы нашарлығына байланысты сол жерде киген. Ал, аталған жағдайдан соң бейнетүсірілімнің авторы да табыла қалды. Ол өзінің инстаграм парақшасында қор қызметкерлерінің бір реттік қорғаныш киімде болғанын айтады.
Шум:
– Мен түсірген видеороликте «Амазонка» қоғамдық қоры түскен. Мен оларды алғашында дәрігерлер деп ойладым. Олай болмай шықты. Барлық қазақстан азаматтары мен тұрғындарынан кешірім сұраймын. Еріктілерде медициналық шапка, бахила, халат және маска болды.
Осылайша өз сөзін өзі жоққа шығарған тұлға, қателескенін ағынан жарыла жариялады. Айта кетерлігі, аталған қоғамдық қор медициналық мекемеге бағынышты емес.
Мерей Бает, Мейіржан Ерболатов, «Алматы» арнасы, Тараздан