Алматы маңында қоқыс полигонынан өрт шығып, бірнеше гектарды шарпыды. Өрт сөндірушілер қызыл жалынды тікұшақпен өшірген. Тілсіз жау қалай тұтанған? Оны ауыздықтау үшін қанша адам жұмылдырылды? Куәгерлер не дейді? Almaty.tv тілшісі анықтап көрді.
Қоқыс полигонына жақын тұратын тұрғындар өрттің тез таралғанын айтады. Қара түтіннің кесірінен күре жолдағы көліктер көрінбей қалған. Тіпті көліктер біраз уақытқа тоқтап тұруға мәжбүр болыпты. Куәгерлердің сөзінше қызыл жалын күндізгі 12.00 шамасында тұтанған. Кешкі 17.00 кезінде өрт сөндірушілер келіп лапылдаған отты өшіре бастапты.
БЛИЦ:
1. Өрт сөндірушілер біздің қоңыраумызға жауап бермеді. Алғашында көк түтін болып алыстан көрініп тұрды. Кейін әлгі түтін қарая бастады. Өрттің күшейгенін сол кезде байқадық.
2. Қара түтіннен айнала көрінбей қалды. Үйдің терезелерін тез жауып, құтқарушыларға хабарластық.
3. Өрт жолдың бергі бетіне өтіп кетуі мүмкін еді. Ондай болса, мына тұрған үйлердің барлығы өртке оранатын еді. Абырой болғанда, оған жол берілмеді. Маңайға шатырлар тігіліп, төтеншеліктер кезекшілік жасады.
Куәгерлер өрттің түсте тұтанғанын айтса, төтеншеліктер тілсіз жау туралы хабарлама 2 жарымдар шамасында келіп түсті дейді. Жедел әрекетке кіріскен олар отты ауыздықтау үшін тікұшақ жұмылдырған. Шамамен 3 гектар аумақ өртенген. Оттың ошақтарына 100 тоннадан астам су құйылған.
«14:26-да Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментіне Алматы-Өскемен тас жолында 34 шақырымындағы тұрмыстық қалдықтар төгетін полигонда жану туралы хабарлама түсті. Хабарлама түскелі бері Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментімен күштер мен құралдар жұмылдырылды. Қазіргі таңда 10 техника мен 71 жұмыс істеліп жатыр», – деді облыстық ТЖД "Өс жəне АҚЖҚ" ММ бастығы Данияр Ысқақов.
Полигонның жалпы аумағы 38 гектарды құрайды. Аталған жерге тек Іле ауданына қарасты ауылдық округтың қалдықтары жеткізіледі екен. Жауаптылардың сөзінше, қоқыстар осында өңделіп, жерге көміледі.
«Бұл жерге кез келген жеке тұлға қоқысын төгуге рұқсат жоқ. Тек қана келісімге отырған белгілі компаниялармен ғана жұмыс істейді. Одан кейін қоқысты алып өңдейді де, екінші компания олар рекультивация, яғни топырақ араластырып көму жұмыстарымен айналысады», – деді Іле ауданы әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Бақтияр Рымжанов.
Маңайдағы тұрғындар қатқыл қалдық тастайтын орын жиі өртенетінін айтады. Ал, полигонды қоршауды жергілікті биліктен сұрағандарына бірнеше жыл болған. Елдің есін жиі алатын мәселе ескерілер түрі жоқ.
Өмір Әнуарбек, Денис Земцов, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы