Жамбыл облысында 21 жыл бұрын ауылдасын атып өлтіріп, ауласына көмді делінген күдіктіге қатысты сот үкімі шықты. Мойынқұм ауданында орын алған қылмысты айыпталушы мойындаған. Дегенмен бүгінгі сот үкіміне, жәбірленуші жақ түбегейлі қарсы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мойынқұмдағы атышулы оқиға 1998 жылы орын алған. Бастапқыда 4 ауылдас айыпталушының үйіне жиылып, ішімдік ішкен. Кейін Кеңесхан Мәдіханов пен Тілеужановтың арасында кикілжің туып, аяғы адам өлімімен аяқталған. 62 жастағы сотталушы 12-калибрлі аңшы қаруымен Кеңесханның басынан атып, мәйітті ауласына көміп, үстінен бетондап тастаған. Ол сот процесі барысында кінәсін жартылай мойындап, байқаусызда болған жай деп түсіндірген. Бірақ, сот сараптамасы қылмыстың қасақана болғанын анықтап отыр.
«ҚР ҚК-нің 96-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, ол (1997 жылғы редакциядағы) ҚР ҚК-нің 69-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық жауаптылыққа тартуға ескіру мерзімінің өтуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Е.Т.Тилеужановтан жәбірленуші К.М.Шунирековтың пайдасына материалдық залал ретінде - 500 000 теңге және моральдық зиянның өтемақысы ретінде - 5 000 000 теңге өндірілсін», - деді Жамбыл облысы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Кенжеғали КЕНЖЕБЕКОВ.
21 жыл 3 ай бұрын болған қылмысқа сот осылайша шешім шығарып, айыпталушы сот залынан босады. Ал, кінәлі бола тұра бостандыққа шығуын, заң талаптарымен түсіндірді. «Егер аса ауыр қылмыс жасалғаннан кейін 15 жыл өтсе, адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады», - делінген заңда. Дегенмен, жәбірленуші тарап бұл шешімге түбегейлі қарсы.
«Есігінің ауласына көміп, соны таптап басып жүргені аздай, енді біздің арымызды да таптатып отыр ғой мына сот. Біз сот шешімімен келіспейміз. Өйткені өліп жатқан ит немесе мал емес қой. Адам баласы. Ол қанша жыл өтсе де, жазасын алуы керек», - деді марқұмның інісі Қасымхан ШҮҢІРЕКОВ.
Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне 15 күн өткен соң енеді. Бірақ марқұмның туыстары осы мерзімде апеляцияға беріп, облыстық сотқа шағымданбақ. Айтуларынша, кінәлі тиісті дәрежеде жазаланбаса республикаға дейін жүгінбек.
Мерей Бает, «Алматы» телеарнасы Тараздан