|
29.10.2020 | 19:56
4531

Құрылыс алаңында көз жұмған жігіттің туыстары тергеу ісінің ұзаққа созылғанын айтып шағымданды

Он ай бұрын болған оқиғаға неге нүкте қойылған жоқ?

Құрылыс алаңында көз жұмған жігіттің туыстары тергеу ісінің ұзаққа созылғанын айтып шағымданды Almaty.tv

Алматыда құрылыс алаңында құлап көз жұмған жігіттің туыстары тергеу ісінің сағыздай созылып келе жатқанын айтады. Бұл жағдайға байланысты полиция департаментіндегілер не дейді? Он ай бұрын болған оқиғаға неге нүкте қойылған жоқ? Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбек мәселенің мән-жайын анықтап көрді.

Оқиға осыдан он ай бұрын болған. Қазір қоршаудың арғы бетінде құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Алайда ол аумаққа күзетшілер тілшілерді кіргізуден бас тартты. 27 қаңтарда Жанболат Құдайбергенов таған тасының сыртындағы қалыпты алып тастамақшы болады. Алайда абайсызда жерге құлап, ағаштың астында қалып қойып мерт болған.  

Жанболат Құдайбергенов құрылысқа кіргеніне бір ай ғана болған сол кезде. Онымен бірге жұмыс істеген Медет Біттібаев болған оқиға әлі есімнен кетер емес. Барлығы қас-қағым сәтте болды дейді.

«Ана Берікбаев ана опалубканың бәрін демонтаж жасаңдар тапсырма берді. Біз азанда бардық та, кранмен енді бастаған едік, кран өшіп қалды. Сол кезде Жанболат үстінде тұрған ғой. Кран өшіп қалған, ол тұра бермейін деп түсем деген енді. Сол кезде құлаған ғой», – деді бригадир Медет Біттібаев.

Ал, Жанболат Құдайбергеновтың анасы бұл істі жүргізуде күмәнді нәрселер бар деп болжайды. Оның сөзінше, тергеуші жазда жұмыстан шығып кетіпті. Жәбірленуші тарап ол туралы мүлде білмеген. Ондай өзгерістің болғанын да ешкім хабарламаған. Қайғыдан қан жұтқан ана іс сотқа жетіп, кінәлілер әділ түрде жазасын алса дейді.

«Әділдігін ойлап жүрмін, әділдігін. Неге бұны тексеріп жатқандардың бәрі неге жұмыстан шығып кетеді? Ел жұмыс таппай жүргенде, бұлар неге сеніп жұмыстан шығады? Істі жүргізіп жатқан адам, тергеушім де, басшысы да бәрі жұмыстан шығып кетеді. Бұлардың өзінің бір шикілік бар ау деймін», – деді Ж. Құдайбергеновтың анасы Назым Сембекова.

Қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек тергеу амалдары барлық нормаларға сай жүргізіліп жатқанын айтады. Бүгінде куәгерлерден жауап алынған. Күдікті ретінде жұмыс беруші болып тіркелген. Қазір еңбек инспекциясына сауал жолданыпты. Оның жауабын күту үшін тағы уақыт керек дейді.  

«Он ай емес. Жылдап кете береді. Қылмыстық істің күрделілігіне байланысты кейбір тергеу амалдары жылдап жүргізіледі. Яғни, қылмыстық іс жүргізу нормалары бұзылса, мерзім бойынша онда прокурор да қолын сермеп отырмайды. Ол міндетті түрде шара қолданады. Қылмыстық іс жүргізу кодексімен барлық мерзімдер толығымен сақталуда», – деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Анықталғаны, көз жұмған азамат жұмыс берушімен еңбек келісімшартын жасаспаған. Заңгерлер мұндай жағдайда Жанболат Құдайбергеновтың отбасы қандайда бір материалдық өтемақы талап етіп, оны өндіріп алу қиынға соғады дейді. Сондықтан әліптің артын бағып, тергеу амалдарының аяқталғанын күтуге тура келеді. Соңғы шешімді сот айтатын болады.

Өмір Әнуарбек, Ялкунжан Әшімжанов, Мұрат Тайжан, «Алматы» арнасы  

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир