Қостанай облысының Әулиекөл ауданында орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өртті сөндіруге жеке құрамнан 235 адам, 32 техника, 3 әуе кемесі, 3 өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды. Оның ішінде ТЖМ-нен 14 техника, жеке құрамнан 61 адам, суағар құрылғылары бар 2 тікұшақ; ІІМ жеке құрамынан 33 адам; Қорғаныс министрлігі жеке құрамынан 20 адам; Орман шаруашылығынан 15 техника, жеке құрамынан 80 адам, 1 әуе кемесі; Жергілікті атқарушы органдардан 3 техника, жеке құрамнан 20 адам; «ҚТЖ» АҚ-дан 3 өрт сөндіру пойызы (21 адам) тартылды.
Сағат 17:00-дегі жағдай бойынша ТЖМ су ағызу құрылғылары бар 2 тікұшақ өртті сөндіру үшін әуеге 12 рет көтеріліп, 20 тонна су шашты. Тікұшақтар суды өрт орнынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан табиғи су қоймасынан алып жатыр.
«Қазгидромет» РМК деректері бойынша Қостанай облысында температура +38 градусқа дейін, желдің жылдамдығы секундына 23 метрге дейін сақталады. 3 қыркүйекте метеорологиялық жағдайдың күрделенуіне, оның ішінде ауа температурасы 36 градусқа дейін көтеріліп, желдің екпіні секундына 28 метрге дейін жетуіне байланысты өрт аумағы 3 000 гектардан асты.
Төтенше жағдайлар министрі Ю. Ильин әуеден барлау жұмыстарын жүргізді.
Аманқарағай және Новонежинка елді мекендерін қорғауға бағытталған күштер мен құралдарды қайта топтастыру жүргізілді. Озерное ауылынан (халық саны 250 адам) және Аманқарағай ауылының солтүстік бөлігінен (1 000 адам) халықты эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Калинино ауылынан 228 адам, Лесное ауылынан 363 адам эвакуацияланды.
Озерное ауылында 3 тұрғын үйде өрт шықты. Өртті сөндіруге 6 өрт сөндіру автомобилі, 8 су тасу машинасы жұмылдырылды.
Сағат 17:20-да Аманқарағай ауылындағы мұнай базасына қауіп төнді, оқиға орнында 3 өрт сөндіру автоцистернасы (ТЖМ – 2, Мұнай базасының объектілік қызметі – 1) жұмыс істеп жатыр.