Шымкентте өзін атып жіберген күзет қызметкері мүгедек болып қалуы мүмкін

Almaty.tv
Almaty.tv
Шүкіржан Қыдыров травматикалық тапаншаның шүріппесін басып, басынан ауыр жарақат алған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкентте  «Патруль» жеке күзет агенттігінің қызметкері өзін атып жіберді. Оқыс оқиға бүгін түнгі сағат 03.00 шамасында қызметтік көлік ішінде болған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Күзет агенттігінің қызметкері Шүкіржан Қыдыров травматикалық тапаншаның шүріппесін басып, басынан ауыр жарақат алған. Ес-түссіз ауруханаға жеткізілген азаматтың өмірімен дәрігерлер арпалысып жатыр. 31 жастағы тепсе темір үзетін жігіт тірі қалған күннің өзінде мүгедек болып шығуы бек мүмкін.

Оқыс оқиға 10 желтоқсаннан 11 желтоқсанға қараған түнгі сағат 03.00 шамасында Шымкенттің орталық көшелерінің бірінде болған. Банктердің бірін күзетіп тұрған көлік ішінен атылған қарудың дауысы естілген. Сөйітсе, рөлде отырған Шүкіржан қолындағы травматикалық тапаншадан жараланыпты. Ал жанында отырған әріптесі ұйықтап кеткен екен. Сондықтан нақты не жағдай болғанын білмейді.  Қас-қағым сәтте болған оқыс оқиғадан жараланған азамат ауыр хәлде ауруханаға жеткізілген.

Тапаншадан атылған оқ күзетшінің дәл маңдайына тиіпті. Жараланған азаматқа бірнеше сағат бойы ота жасаған ақ халаттылар Шүкіржанның тірі қалғанына шүкіршілік етіп отыр. Ауыр жарақат алған күзет қызметкері қазір ес-түссіз жансақтау бөлімінде жатыр.

«Жарақат алған жері маңдай мен шеке, оң жағынан. Бір оқ алынды. Науқаста көп қан жоғалтқан... Бұл кісі болашақта мүгедек болады», – деді нейрохирург Бабур Юсупов.

Шүкіржан Қыдыров қызмет еткен «Патруль» күзет агенттігінде түннен бері маза қашқан. Ішпейтін, спортқа жақын жігіттің өз-өзіне қол жұмсауына себеп жоқ дейді мұндағылар. Ол жанындағы серігімен таңғы 09.00-ға дейін банк алдында күзет етіп отыруы керек болған екен. 200-ге тарта күзетшісі бар агенттік басшылары жаралы қызметкерге жан-жақты жағдай жасауға дайынбыз дегенді алға тартады.

«Болжам айта алмай отырмыз, себебі ондай қылықты, не болмаса оның мінезінен байқамадық. Төбемізден жай түскендей боп отыр. Әрине, материалдық жағынан көмектесеміз. Мән-жайды анықтаймыз. Болмаса адаптациялық мекемелерге емдетуге қол ұшын береміз. Біз оған дайынбыз. Біз тарапымыздан ешқандай қысым болмаған», – деді күзет агенттігінің директоры Алмас Батырбеков.

Бұл іс бойынша полицейлер қазір қылмыстық іс қозғап, өз-өзін өлтіруге дейін жеткізу бабы бойынша тергеуді бастап кетті. Шүкіржанның травматикалық қаруы да сараптамаға жөнелтілді. Ал бір ажалдан аман қалған азаматтың қашанға дейін ауруханада болатынын ешкім айта алмайды. Былтыр ғана отбасын құрған жігітті үйінде ата-анасы мен аяғы ауыр келіншегі жанын шүберекке түйіп күтіп отыр.

Новости партнеров