Қалалық денсаулық сақтау басқармасы Алматыдағы жол-көлік оқиғасында зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты. Түрлі дене жарақатын алған 7 адамның 5-еуі ауруханаға жатқызылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оқыс оқиға Абылай хан және Райымбек даңғылдарының қиылысында болған. "Мерседес" тізгіндеген жүргізуші аялдамада автобус күтіп тұрған 7 азаматты қағып кеткен. Куәгерлердің айтуынша, автокөлік жылдамдығын жөнсіз асырып, жүйткіп келе жатқан.
– Райымбек даңғылы жақтан жоғарғы жылдамдықпен келіп, 5-6 адамды соғып кетті, – деді куәгер Төлеген Досымбетов.
Оқиғадан зардап шеккен 5 ересек қалалық Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, бесеуі де толық тексерістен өткен.
– Тексерістен кейін үш науқас амбулаторлық емге жіберілді, ал екеуін травматология бөліміне жатқыздық. Бір науқаста сан сүйегі, мойын бөлігінің жабық сынығы анықталса, екінші науқасқа «мидың шайқалуы» диагнозы қойылды, – деді «Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы» КМК директорының хирургия бойынша орынбасары Ермек Желдібаев.
Сондай-ақ 2 жасөспірім Балалар шұғыл көмек көрсету орталығына жеткізіліп, нейрохирургия бөліміне жатқызылған. Бірінде жабық бас сүйек жарақаты, мидың шайқалуы, жұмсақ тіндердің зақымдалуы анықталған. Ал екінші баланың аралас жарақаты бар. Ал полиция департаменті өкілдері зардап шеккендердің жағдайына байланысты шешім қабылданып, істің сотқа жолданатынын жеткізді.
Гүлмарал Изатқызы, Аида Иманәлі, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматы полицейлері мектеп маңында кезекшілік атқарады