Алматыда жаяу жүргіншіні қағып кеткен троллейбус жүргізушісінің жағдайы ауыр

www.tengrinews.kz
www.tengrinews.kz
Оқыс оқиға апат болған жердегі дүкеннің бейнебақылау камерасына түсіп қалған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Дәрігерлер оның рөлде есінен танып қалғанын растап отыр. Сонымен қатар жүргізушінің асқазанынан қан кеткенін анықтаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айта кетейік, кеше түнде Алматыда троллейбус жол жиегіндегі жүргіншіні қағып, қаңтарылып тұрған көліктерге соғысқан. Салдарынан, бір адам қаза болған еді.

Жантүршігерлік оқиға кеше түнгі сағат 11:20-да Сәтпаев көшесінің бойында орын алған. Әдеттегі қалпымен көлікті тұраққа қоюға бара жатқан троллейбус жүргізушісі кенеттен көшенің оң жақ шетіне өтіп кетіп, сол маңда тұрған жүргіншіні қағып өткен. Оған қоса тағы екі автокөлікті зақымдап, ағашқа барып бір-ақ тоқтапты.

Куәгерлердің сөзінше, апаттан қаза тапқан жүргінші өзінің көлігіне қарай беттеген сәтте оны троллейбус келіп қаққан. 32 жастағы азамат қоғамдық көліктің астында қысылып қалса керек. Ал осындағы тұрғындар оны құтқарып алуға асыққан көрінеді.

Оқыс оқиға апат болған жердегі дүкеннің бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Сол маңдағы тұрғындардың сөзінше, троллейбустың астында қалған азамат, жедел жәрдем келгенше тірі болды дейді.

«Мен ол кезде асүйде болатынмын. Бір кезде сырттан қатты дыбыс естілді. Терезеге қарасам, троллейбус ағашқа соғылыпты. Сосын біз далаға шықтық. Біреудің айқайлаған дауысын естіген соң троллейбустың ішінде адам бар екен деп ойлап қалдық. Келіп қарасақ салонның ортасына қарай көліктің астында бір адамның жатқанын көрдім. Тұрғындар оны қысылып жатқан жерінен шығарып алуға тырысты. Ол кезде зардап шеккен азамат дем алып жатқан еді», - деді куәгер Светлана СЕМАШКИНА.

№12 троллейбус «Алматыэлектротранс» компаниясына тиесілі. Ондағы мамандар жағдайды қас қағым сәттік оқыс оқиға дейді. Себебі жүргізушінің аяқ асты жағдайы нашарлап, рөлді басқаруға шамасы болмаған.

«Розыбакиев көшесіне жетпей, жүргізушінің халі нашарлап, есін жоғалтып алған. Сол себепті қаңтарылып тұрған көліктерді зақымдап, адамды қаққан. Жүргізушінің 17 жылдық еңбек өтілі бар. Бұрын оның денсаулығына байланысты мұндай жағдай болған жоқ», - деді «Алматыэлектротранс» ЖШС бөлімінің бас маманы Людмила КАБДРАХМАНОВА.  

Алматыэлектротранс өкілдері әрбір жүргізушіні күнде таңертең медициналық тексерістен міндетті түрде өткіземіз деген уәж айтты. Қазір 56 жастағы жүргізуші №7 қалалық клиникалық ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалады. Сондай-ақ жүргізуші апат болған сәтте есінен танып қалғанын растап отыр.

«Қан қысымы 120-дан 75-ке түсіп қалды. Сондықтан хирург шақырттық. Хирургтар қарап ФГДС тағайындалды. Оның қорытындысында асқазанның шырышты қабаты жыртылып содан қан белгілері болған деген қортындыға келді», - деді Алматы қаласы №7 қалалық клиникалық ауруханасы жоспарлы хирургия бөлімінің меңгерушісі Мұса САХИПОВ.

Осы оқиғаға қатысты қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша соталды тергеу ісі басталды. Ал Алматыэлектротранс компаниясы қаза тапқан отбасыға қаржылай көмек көрсететінін жеткізді.

Назкен Еркін, Мейрам Исабеков «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров