Жаңбыр жауған сайын су толып қалатын «Жібек жолы» базарында жағдай оңалмай тұр

Almaty.tv
Almaty.tv
Кәсіпкерлерге де, келушілерге де ыңғайсыздық тудырған қызыл суды тазалауға кім жауапты?
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Толассыз жауған жаңбырдан Алматыдағы автобөлшек сататын базардың ішінде жүру мүмкін болмай қалды. Кәсіпкерлерге де, келушілерге де ыңғайсыздық тудырған қызыл суды тазалауға кім жауапты? Себебі төтеншеліктер жекеменшік аумаққа мүлдем қатысымыз жоқ дейді. Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

Әлеуметтік желіде кең тарап үлгерген бұл бейне «Жібек жолы» автобөлшек сататын базарда түсірілген.

Түнде жауған жаңбырдың салдарынан базар алаңын су басқан. Ал бүгін адам түгілі, көліктің қимыл қозғалысы қиындап тұр. Келушілер арғы бетке өту үшін су кешуге мәжбүр. Ал саудагерлер «жаңбыр жауған сайын біздегі жағдай осы» дейді.

Түсірілім тобы барғанда саудагерлердің өздері арнайы құбырдың көмегімен суды тартып жатты. Ал кей кездері 1-2 күннен соң су сіңіп-ақ кететін дейді  осындағылар. Қызыл судың кесірінен жолдың ойық жерлері көрінбей қалған. Жүргізушілер көліктің астын соқпасын деп кәсіпкерлер үлкен шұңқырларға мынадай белгі қойып қойыпты.

«Мынаның ішінің бәрі су, тазаланбаған. Кіруге мүлдем қорықтым, шығуға қайтадан. Содан машинамды сыртқа қойып кеттім, міне, жаяу жүрмін қазір. Бәрін жаяу аралап жүрмін. Қашан жолды жөндейді? Аяғымыздың бәрі су қазір, суды кешіп жүрміз бәріміз», – деді қала тұрғыны Айдос Раушанов.

«Су көп болады мында, жағдай жоқ. Жаңбыр жауған сайын осылай болады, кешіп жүреміз. Ешкім жан күйдірмейді оған, аяғымызға пакет киіп жүреміз», – деді қала тұрғыны Тұрсынай Сеуілбаева.

«Базарға кіріп келгенде, мына судың бәрін көріп, біз енді Алматыға тек қайықпен келсек пе деп жатырмыз. Мынау өте ыңғайсыз, көлігіміз сыртта қалды, базардың ішіне кірсек, суға түсуге тура келеді», – деді Тараз қаласының тұрғыны Жанболат Мәлтаев.

Ал, базар әкімшілігі жаңбыр жауған сайын осы мәселемен бетпе-бет келуге мәжбүрміз дейді. Дегенмен су басудан сақтану үшін атқарылып жатқан шаралар да жоқ емес дегенді алға тартады.

«Кешеден бері 24 жұмысшы жұмыс істеп жатыр, судың бәрін тартып... Артқы жақта ТП тұр. Сондықтан тез-тез тартуға үстінен тағы 2 насос сатып алдық, көмекші келеді тағы. Соның бәрін тартып, бір 2-3 сағатта құрғақ болуы керек. Биыл бұйырса, модернизация басталайын деп жатыр. Сол кезде асфальт төсеп, арық, бордюр, бәрін жасап... Бұйырса, бәрі жақсы болады», – деді «Жібек жолы» автобазары директорының бірінші орынбасары Ержан Жұмабеков.

Қалалық төтенше жағдайлар департаменті аталған мәселені жекеменшік орынның әкімшілігі шешуі керек дейді. Сондықтан олардан да ешкім көмек сұрағаман.

«Бүгінгі күнде су басу дерегінің бірі «Жібек жолы» сауда кешенінің аумағында тіркелген. Бұл аумақ жекеменшік саналады. Осыған байланысты келушілердің қауіпсіздігін жекеменшік объектінің иесі қамтамасыз етуі тиіс», – деді Алматы қаласы ТЖД ресми өкілі Гүлдана Нұрымбетова.

Айта кетейік, өткен түнде қаланың 10 жерінде су басудың алдын алу жұмыстары жасалған. Оған 15 техника мен 55 адам тартылған.  

Мадина Оқас, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы

Новости партнеров