Қайыңдыдағы жол апатына қатысты жантүршігерлік бейнежазба табылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл видеоны Қайыңдыға барар жолда апатқа ұшыраған автобустағы туристердің бірі түсіріп алған. Кадрден адам толы автобустың тау ішінде көз ілеспес жылдамдықпен келе жатқанын байқауға болады. Кенет қатты дыбыс шығып, көлік іші астаң-кестең болады.
– Өздеріңіз көріп тұрсыздар, 12 шақырым жолда асфалт жоқ, – деді турист Камал Бауыржанов.
Жол-көлік апатынан зардап шеккен қыздың анасы баласының Шелек ауруханасында ауыр халде жатқанын айтты.
– Қайыңдының жолында жүру қиын екенін ел біледі. Жүргізушілердің жауапсыздығынан қаншама адам зардап шекті. Бір адам көз жұмды. Менің қызым ауыр халде ауруханаға түскен. Облыста бір санитарлық авияцияның жоқтығына қынжыламын, – деді зардап шегушінің анасы Нариман Жүнісова.
Талапқа толық сай келмесе де, туристер табиғатына тамсана баратын Қайыңды демалыс орнының қызметкерлері жүргізушілердің жөнсіз жүретіндеріне қатысты ештеңе ашпады. Тек адам толы автобусты парк аймағына қабылдап алатынын айтты.
– Парктің терреториясынан тыс жерде оқиға орын алған. Бардық, алғашқы көмек көрсеттік. Туристік маусым аяқталып қалды, жұмада адам көп келмейді. Сенбіде туристер көбейеді. Саты ауылынан 12 орындық көлікпен жүргізушілер туристермен келісіп, әкеледі, – деді «Көлсай көлдері» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкері Думан Баймұхамбетов.
Ал болары болып, бояуы сіңгенде ғана тексеріске шыққан полиция борты бәрін қадағалап тұрғанын айтты. Ал бұған дейін жолаушылар тарапынан тәртіптің де осалдығына қатысты шағым айтылған еді.
– Көліктің құжаты бар ма? Мемлекеттік нөмірі бар ма? Сұрап, тексеріп жатырмыз. Кей жүргізуші нөмірін көлік ішіне салып алған. Нөмірсіз көлік жүргізуге болмайтынын айтып, түсіндірдік, – деді Патрульдік полиция тобының қызмет инспекторы Дархан Бейсенбаев.
Қайыңдыға бара жатып, қайғылы жағдайға душар болғандардың дені қазір қаладағы облыстық ауруханада жатыр. Олардың қазіргі ахуалын ақ халаттылар ауыр деп бағалап отыр.
– Ауруханаға 24 науқас түсті. Оның ішінде 2 жастағы бүлдіршін бар. Тоғыз науқас сол күні ауруханаға жатқызылды. Атап айтқанда, екі науқас бет-жақ хирургиясына, екеуі нейрохирургия, 4 науқас травмотология бөлімшесіне, ал жан сақтау бөліміне екі науқас жатқызылды. Жағдай бірқалыпты тұрақты, – деді облыстық клиникалық аурухананың травматолог дәрігері Даулет Тастанбеков.
Жол апатына қатысы бар азамат уақытша тергеу изоляторына қамалған. Оның заң алдында жауапқа тартылуы үшін тергеу амалдары жүріп жатыр. Ал науқастарды денсаулық динамикасына қарай дәрігерлер үйіне жіберетінін айтты.
Әлібек Шынтемір, Ғани Қалуов, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз:Қайыңдыдағы апат: тың дерек жарияланды