Әуезов ауданы бойынша карантин күшейтілгелі бері 664 нысан тексерілген. Рейд жұмыстары күндіз де түнде де өткізілуде. Әкімдік өкілі, полиция қызметкерлері және санитария мамандарынан құралған топ қалай жұмыс істейді? Кезекті түнгі тексеріс жұмыстарына Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай қатысып қайтты.
Бұл түні тексеріс жұмыстары үшін арнайы 3 мобильдік бригада құрылды. Топтардың бірі үстінен шағым түскен дәмханаға аттанды. Тамақтану орны санитарлық шектеулерге қарамастан түнгі уақытта келушілерді қабылдаған. Мекеме әкімшісі қонақтар шотты төлей алмады деп ағынан жарылса да, чекте тіркелген уақыт оның сөзіне сай келмеді.
«Дәмхана әкімшісі «қонақтар тамақ ақысын төлей алмады, сондықтан 22:40-қа дейін мекемені жаба алмадық» деп ақталды. Алайда бұл оларды жауапкершіліктен құтқармайды. Аталған нысан басшысы әкімшілік құқықбұзушылық бойынша жазаланады», – деді Әуезов ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы Ерасыл Өкметов.
Ал мына сауна осы уақытқа дейін астыртын жұмыс жасап келген. Дәл қазір мұнда отырған 10 келуші анықталды. Өрескел заңбұзушылыққа сәйкес енді мекеме басшысы 230 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін.
Бас санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша сауна және моншалардың жұмыс істеуіне 5 шілдеден бастап тыйым салынған. Түсініктеме беру үшін келушілер полиция басқармасына жеткізілді.
«Әкімшілік құқықбұзушылық іс бойынша ол кісілерге біз басқармаға шақырту қағазын қалдырдық. Себебі ол кісілерде карантиндік режимді бұзып қана қоймай, санитарлық нормаға сай емес жұмыс істеп жатқаны да анықталды», – деді Әуезов ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Гүлдана Тұрарбекова.
Санитарлық заңнамаға сәйкес уақытша жұмысын тоқтатуы керек нысандар қазірде түрлі қулыққа барады дейді мамандар. Бірі есігін ішінен құлыптап жұмыс істесе, енді бірі жарықты өшіріп қояды.
«Қарапайым келуші ретінде ол жерге барамыз. Және де артынан мобильдік топ келіп, сол жерде барлығы анықталып, оларды басқармаға шақыру арқылы біздің тарапымыздан ол кісілерге карантин режимін бұзғаны үшін әкімшілік іс қозғалады», – деді Әуезов ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Ханшайым Есболат.
Осындай әдіспен тәртіп сақшылары тағы бір моншаның заңсыз әрекетін әшкереледі. Орын иесі әу баста барлығын жоққа шығарғанымен, кейін жасырын түрде қызмет көрсеткенін мойындады.
Күшейтілген карантин талаптары бекітілгелі ауданда 71 бизнес нысан жабылған. Ал, бетперде тақпаған 156 жеке тұлғаға айыппұл салыныпты.
Сымбат Ноғай, Сағынтай Мұңайтбасов, «Алматы» арнасы