Алматы облысында оқушы мектептегі темірге құлап, ауруханаға түсті

Almaty.tv
Almaty.tv
Директордың сөзіне сенсек, бала жарақат алғанын айтпаған, медициналық көмектен бас тартқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысындағы мектепте оқушы жамбаспен темірге құлап, жарақатпен ауруханаға түсті. Жасөспірімнің ата-анасы сынып жетекшісіне хабарласып, баланың тоқ ішегіне операция жасалып, қуыққа тағы бір ота күтіп тұрғанын айтқан. Бірақ дәрігерлер науқастың жағдайы туралы тіс жарған жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқушы зардап шеккен оқыс оқиға Шелектегі мектепте болған. Жеткіншек кабинет еденінде шошайған темірге жамбаспен құлап жарақат алған. Бірақ бір қызығы, сол кездегі жайтты білім ордасындағы мұғалімдер көрмеген де, естімеген. Ал мектеп директоры ол темірді байқамағанын айтып, ақталды.  

– Неше рет кабинетке кірдім, сол темірді көрген жоқпын. «Лингафон құрылғысына арналған» деп түсіндірді, партаның астында тұрған шығар. Мен оған назар аударған жоқпын. Бала байқаусызда құлап отыр. Қасында балалар да болған, орындықты жылжытқан кезде бала құлап қалған, – деді П. Вихрев атындағы орта мектептің директоры Муслима Ахметжанова.

Директордың сөзіне сенсек, бала жарақат алғанын айтпаған, медициналық көмектен бас тартқан. Содан кейін де ұстаздар мектеп медбикесін шақырмаған. Бірақ оқушы өзін жайсыз сезініп үйіне сұранып кеткен.

– Сабақ аяқталды. Мен суға барып келдім. Кабинетке оралғанымда оқушылар болмады. Ол баланы кейін сынып жетекшісімен тұрғанда кездестірдім. Оқушы екеуімізге ауырып тұрғанын айтып, үйге жіберуімізді сұрады. Себебін түсіндірмеді. Әкем келіп тұр деді. Мен сынып жетекшісіне бірдеңе болып жатса, хабарын айтуын сұрадым. Кейін хабарласқанымда, баланың үйінде екені, алайда ата-анасы алаңдап отырғанын хабарлады, – деді ағылшын пәнінің мұғалімі Татьяна Старикова.

Сабақтан кейін оқушының үйіне барған мұғалім баланың ауырып тұрғанын білген. Алайда жағдайы нашарлай түскенде ғана оны ауылдағы ауруханаға апарыпты. Дәрігерлер жасөспірімнің жамбасына зақым келгенін анықтап, Өтеген батыр кентіндегі облыстық балалар ауруханасына жіберген. Алайда ақ халаттылар баланың ата-анасы рұқсат бермегендіктен ақпарат беруден бас тартты. Ал едендегі темір қазір жоқ.  Жағдайдан бейхабар болғаны үшін мектеп директоры сөгіс алды.

Оразай Нұртайұлы, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Тексеру барысында кей мектеп асханасында кемшілік анықталды - министр

Новости партнеров