Үкімет елдегі жағдайды тұрақты ұстау үшін қазынадан 4,4 трлн. теңге бөлмекші

Almaty.tv
Almaty.tv
Коронавирусқа қатысты ақпарат енді бір орталықтан таратылатын болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің тапсырмасымен коронавирусқа қатысты ақпарат енді бір орталықтан таратылатын болды, деп хабарлады Almaty.tv.

Мемлекет басшысы оған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жауапты деп бекітті. Министр Дәурен Абаев елде қалыптасқан қазіргі жағдайды егжей-тегжей баяндады. Дүниежүзінде орын алған дағдарыстың салдарынан республикалық бюджет кірісі 350 млрд теңгеге төмендеп кетуі мүмкін деген болжам жасалып отыр. Осыған қарамастан Үкімет елдегі жағдайды тұрақты ұстау үшін қазынадан 4,4 трлн. теңге бөлмекші.

«Бұдан бөлек Президент эпидемияға байланысты табысынан айырылған отбасыларға ай сайын ең төменгі жалақы көлемінде жәрдемақы төлеп тұруды тапсырды. Көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге және тағы да басқа әлеуметтік осал топтарға азық-түлік, тұрмыстық заттар тегін беріледі. Тағы бірі тұрғындарды қолдау үшін республика бойынша коммуналдық қызметтер төлемақысының көлемі төмендетіледі», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен АБАЕВ.

Бас санитардың коронавирус көп таралған елдерден келген жолаушылардың барлығын жаппай карантинге жатқызу туралы Қаулысы жарияланды. Қазір шетелде 60-қа жуық қазақстандық қалған. Олар қордың елге қайтару бойынша көмегін пайдаланбауды жөн санапты. Министрдің сөзінше, бұл туристер ескертулерге қарамастан саяхатқа кетіп қалған. Енді дәрігерлерге қолданылуы тиіс тесттер соларға пайдаланылып жатыр. Ал, карантин және төтенше жағдайлар режимін сақтамағандар жазаға тартылуда. Мәселен, бүгінгі күнге құқық қорғау органдары санитарлық және гигеналық нормаларды сақтамаған үшін сотқа дейінгі 3 іс қозғаған. Бұдан 143 адамға әкімшілік жаза қолданылған.

«Мысалы дүкендер мен кафелер рұқсат етілмеген уақытта жұмыс істейді, жиын-той жүргізеді. Осының барлығы адамдардың өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан да бұлар жауапқа тартылады», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен АБАЕВ.

Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы қорғаныс бекеттеріндегі жағдай тұрақты деді министр. Және түсіністік танытып жатқан тұрғындарға алғысын білдірді. Сонымен қатар, 6 сәуірден бастап мектептер қашықтан оқытуға көшетінін айтты. Сондықтан қазір мұғалімдерді сұрақтың астына алып, айыптау артық деді. Қосымша шара ретінде «Еларна» және «Балапан» телеарналары арқылы видеосабақтар көрсетіледі. Министр мырза коронавирусты анықтайтын тесттерге қатысты пікір білдірді.

«Қазір елде 60 мың тест бар. Алдағы уақытта тағы 150 мың тест жеткізіледі. Келісімдер аяқталуға жақын. Тағы 100 мың тест демеушілер есебінен алынады. Бұл тесттер тұрғындар үшін тегін жүргізіледі. Тесттердің сапасына қатысты сұрақ көп. Ұлттық сараптама орталығы Қытайда өндірілген тесттерді қолданатынын айтқым келеді. Бұл тест жүйелері коронавирустық инфекцияны тиімді анықтауға мүмкіндік береді. Қытай тәжірибесі соны көрсетті», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен АБАЕВ.

Карантинге жабылған Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында бетперделер тегін таратылатынын айтты. Еліміз бойынша 27 мың төсек орын дайындалғанын да жеткізді. Дәурен Абаев 1 айдың ішінде вирус жойылады деген үмітіміз бар деді.

Новости партнеров