|
23.03.2020 | 22:10
7720

Президент карантин кезінде қызмет етіп жатқан мамандарға 1 айлық көлемінде сыйақы беруді тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті

Президент карантин кезінде қызмет етіп жатқан мамандарға 1 айлық көлемінде сыйақы беруді тапсырды akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті, деп хабарлады Almaty.tv.

Мемлекет басшысы өз сөзінде індеттің таралуын ауыздықтау үшін Төтенше жағдай және карантин режимін бұзғандарға қатысты шараларды қатаңдату қажеттігін айтты.

«Қатаң санкцияларға көшетін уақыт жетті. Сонымен қатар, тәртіп бұзушылықтың алдын алу мақсатында тіркелген деректерді БАҚ-та кеңінен жариялау керек. Халық баратын қоғамдық орындарда санитарлық тазалық талаптары сөзсіз орындалуы тиіс. Мұндай жағдайда «үнемдеуге» және «оңтайландыруға» жол жоқ. Мемлекеттік комиссия Қарулы Күштерді Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және басқа да ірі қалалардың көшелерін дезинфекциялауға тарту тәртібін айқындауы қажет», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдерден, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден келген барлық адамдарды карантинге жатқызуды тапсырды. Мемлекет басшысы төтенше жағдай және карантин кезіндегі жұмыс тәртібін әзірлеп, оны барлық азаматтар мен бизнес өкілдеріне жеткізу, сондай-ақ, халыққа медициналық мекемелердің жаңа жұмыс режимін түсіндіру керектігін атап өтті.  

«Құқық бұзушылықтың көбеюіне, ең алдымен, ұрлыққа, тонауға, талан-таражға салуға, биліктің заңды талаптарына бағынбауға жол бермеу керек. Осыған байланысты қоғамдық орындардың күзетін, оларды жарықтандыру және бейнебақылаумен жабдықтау шараларын күшейту керек. Бұған полицияның бүкіл құрамын жұмылдыру қажет», – деді Президент.

Бас прокуратура мен Жоғарғы сотқа заңдылықты, құқықтық тәртіп пен қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету алгоритмін әзірлеуді, соттардың ісін төтенше жағдайға көшіруді ұсынды. Қауесеттер мен арандатушылық ақпараттарға тосқауыл қою жұмысы ерекше бақылауға алынуы тиіс.  

«Бүгінде алдыңғы шепте өз басын үлкен қатерге тігіп, демалыссыз жұмыс істеп жатқан біздің азаматтарымыз – дәрігерлер, полиция қызметкерлері және басқа да мамандар өз отбасын сирек көреді. Соған қарамастан, өздерінің азаматтық және қызметтік борышын толық орындап жүр. Сіздерге шынайы алғысымды білдіремін. Үкімет пен әкімдерге қосымша қаржы тауып, коронавирусқа қарсы күрес жұмысына тартылған дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне және өзге де мамандарға 1 айлық көлемінде сыйақы беруді тапсырамын», – деді Президент.

Президент төтенше жағдай кезінде айыппұлдар мен өсімпұлдарға қатысты бұған дейін қабылданған тыйымдардан бөлек, дағдарыстан зардап шеккен халықтың барлық займдары бойынша қарыздың негізгі бөлігін және сыйақысын тоқтата тұру қажет деп санайды. Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайға байланысты табыс көзінен айырылған қазақстандықтарға ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлей бастауды тапсырды. Жалпы мұндай көмекке кемінде 1,5 миллион адам ілінеді.

«Мемлекеттік комиссияға төлемдердің тиімді әрі ашық механизмін әзірлеуді тапсырамын. Арнайы құрылған өңірлік штабтар нақты көмек алушылардың тізімін жұртшылықтың және «Атамекен» ҰКП қатысуымен жасайды. Сонымен қатар, бизнес, оның ішінде шағын және орта кәсіпкерлік жұмыс орнын сақтап қалу шараларын қабылдауы, қызметкерлерін жұмыстан шығармауы керек», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ

Президент күрделі жағдайды жеке басына пайдаланатын алаяқтыққа, алыпсатарлыққа жол бермеу керек деп санайды. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін барлық елді мекендерді қажетті заттармен қамтамасыз етуді  талап етті. Мемлекет басшысы ұялы байланыс пен интернетке, әсіресе, ағартушылық ресурстарға, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге қол жетімділікті арттыруды тапсырды. Төтенше жағдай кезінде тұрғындардың қарызына қарамастан, байланыс қызметін үзбеу керек. Бұдан бөлек мемлекеттік комиссия коммуналдық қызмет төлемдерін төмендету үшін жүйелі жалпы республикалық шаралар әзірлеуі қажет. Президент сөзінің басым бөлігі кәсіпкерлікті қорғауға арналды. Мемлекет басшысы сөзінің соңында барлық қазақстандықтарды бірігуге, осы күрделі жағдайдан сабақ алуға және ахуал тұрақталғаннан кейінгі жағдайда қажет болатын жаңа жүйелі әдістер іздеуге шақырды.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир