|
14.12.2020 | 20:44
9368

Алматы тауларында жоғалған ер адам табылды

Жоғалған азаматты іздеу операциясына 39 құтқарушы қатысты

Алматы тауларында жоғалған ер адам табылды Almaty.tv

Алматы тауларында үш күн бойы іздестірілген ер адам осыдан бірнеше сағат бұрын табылды. 35 жастағы Ерман Байменов 12 желтоқсан күні Титов шыңын бағындыруға кетіп, хабарсыз күйде жоғалған еді. Қараңғыда ер адам қайтар жолды таба алмаған. Жоғалған азамат қай жерден табылды? Осынша уақыт қай жерді паналаған? Қазір жағдайы қалай? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай анықтап келді.

Бұл – жоғалған Ерман Байменовтің қалыңдығына жіберген хабарламасы. Соңғы рет 12 желтоқсан күні таңғы төрттер шамасында байланысқа шыққан. Сол уақытта жақындарына хабарласып, құтқарушыларды көріп тұрғанын жеткізген. Алайда қалалық құтқару қызметі ешкімді кездестірмегенін айтады.

«Ондай мүмкін емес. Өйткені оның тұрған жерінде асты жағында таулы су бар, таулы су. Шуылдап ағады. Менің барған балаларымнан ондай хабар алған жоқпын», – деді қалалық құтқару қызметі құтқару отрядының бастығы Нұрбол Тұрсынәлиев.

Ерман Бәйменов тауға сенбі күні таңертең кеткен. Ал кешкі сағат жетілер шамасында жігіт қалыңдығына адасып кеткендіктен, құтқарушыларға хабарласқанын айтқан. Келесі күні таңғы сағат 04.00 шамасында оның телефон қуаты таусылып, хабарсыз кетіпті. Мамандардың айтуынша, ер адам тауда өткізген үш күннің ішінде қатты жарақат алған.

«Бүгін 14 желтоқсан, сағат 15:50-де жоғалған ер адам Күмбелсу өзенінің маңайынан табылды. Республикалық жедел-құтқару жасағымен оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Оның қазіргі жағдайы ауыр. Құтқарушылар ер адамды қауіпсіз жерге жеткізді. Оларды тау маңайында жедел-жәрдем қызметі күтіп тұр», – деді республикалық жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары Юрий Буржинский.

Туыстарының айтуынша, Ерман Байменов 2 жылдан бері тауға шығумен әуестенген. сыған дейін Абай, Панорама шыңдарын бағындырған. Яғни, альпинизмнен хабары бар адам дейді.

«Пик Панорама, пик Абайға шығып жүрді бір өзі. Соған жететін жаққа шығып жүрген», – деді інісі Бейбіт Ырзаеав.

Жоғалған азаматты іздеу операциясына 39 құтқарушы қатысты. Оның ішінде бес кинолог маманы және алты автотехника бар. Онымен қоса, іздеуге еріктілер, альпинистер және басқа да қала тұрғындары көмектесіпті.

Сымбат Ноғай, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир