Оқушылар емтиханнан кейін ауруханаға түсті: НЗМ-да қызметтік тексеріс жүріп жатыр

© Sputnik / Alexandr Kryazhev
© Sputnik / Alexandr Kryazhev
Назарбаев зияткерлік мектебінде қызметкерлер емтихан жүріп жатқан бөлмедегі кварц шамын сөндіруді ұмытып кетіпт
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұр-Сұлтанда оқушылар емтиханнан кейін ауруханаға түсіп қалды. Назарбаев зияткерлік мектебінде қызметкерлер емтихан жүріп жатқан бөлмедегі кварц шамын сөндіруді ұмытып кетіпті. Соның салдарынан мектептің төрт оқушысының кварц әсерінен көздері зақымданған. Оқиғаның анық-қаныған Almaty.tv тілшісі Қаламқас Нысанбай айтып береді.

Оқиға елордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде болды. Төрт оқушының кварц әсерінен көздері зақымданған. Сыныпта барлығы 15 оқушы болған. Бірден оқушылар №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасына жедел жәрдем көмегімен жеткізілген. Олар кабинет ішінде өздерін нашар сезінгендерін айтқан. Зардап шеккендер арасында 2004 жылы туған үш бала және 2005 жылы туған бір оқушы бар.

«Барлығы қабылдау бөлімі деңгейінде мамандар қарап, медициналық тексеруден өтті. Қазіргі таңда денсаулығына, өміріне ешбір қауіп төніп тұрған жоқ. Жағдайы орташа, яғни жақсы. Түскен бойда олардың көзалмасының зақымдануы бар. Төртеуінде де. Бірақ та ешбір қауіп болмаған соң, көзалмасуы зақымдануы жеңіл түрде болған. Сондықтан олар үйге емдеуге жіберілді», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Әйгерім Ардаққызы.

Дәрігер тексергеннен кейін төрт оқушы да үйлеріне қайтарылған. Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры оқиғаның болғанын растап отыр. Бүгін оқушылар медициналық тексеруден өту үшін емтиханнан босатылған. Директордың айтуынша, барлық зияткерлік мектепте бактерияға қарсы шамдарды қолдану бойынша қосымша нұсқау жүргізіледі.

«Кешегі таңда ата-аналардың тарапынан 4 бала өздерінің денсаулығына байланысты медициналық көмекке жүгінген, жеңіл деп көрсетілген. Сол бойынша біз қалған оқушыларды да бүгін өзіміздің тарапымыздан ата-аналармен бірлесіп, медициналық қараудан өтуді, балаларды үйіне, ата-аналарына қайтардық», – деді Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Біржан Садуақасов.

Мектеп директорының айтуынша, кінәлі адам әлі іздестіріліп жатыр. Табылған бойда жауапқа тартылады. Ал, балаларының денсаулығына алаңдаған ата-аналар тарапынан наразылық болып жатқанын да жасырмады

«Адам тарапынан кеткен қателік деп қарастырамыз. Қазіргі таңда бізде қызметтік тексеріс  жасалуда. Сол бойынша біз өзіміздің тарапымыздан егер де қателік, кемшілік жіберген адамдар болатын болса, оларда тиісті жауапкершілгін алатын болады», – деді Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Біржан Садуақасов.

7 маусымнан бастап 14 маусым аралығында 10-сыныптар арасында қорытынды бақылау емтихандары өткізілуі керек болған. Білім беру ұйымының мәліметінше, 8 маусым күні медициналық тексеруден өту үшін барлық бала емтиханнан босатылған. Оқушыларды емдеу және оңалтуға байланысты барлық шығынды автономды білім беру ұйымы өтейміз деп отыр.

Қаламқас Нысанбай, Данияр Омар, «Алматы» арнасы

Новости партнеров