Наурызбай ауданындағы 50 мыңнан аса тұрғын су тапшылығын көріп отыр. Оның қатарында, қалаға қосылғанына көп бола қоймаған елдімекендер бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тұрғындар онда тіршілік нәрінің болмағанын айтады. 9 ықшамауданның мәселесін шешу үшін бірқатар жобалар қолға алынды. Дүйім елдің көп жылдық мәселесі қашан шешіледі?
80 жастағы Валентина Яцынаның қоймасы 5 литрлік бөтелкелерге аузы мұрына дейін толған. Мұнда кем дегенде 40 данасы бар. Көзге пластик болып көрінген бұл зат ол үшін өмірдегі ең қажеттінің бірі. «Наурыз-ардагер» саяжайының тұрғыны күнделікті қажеттілікке ауыз суды тасып ішеді. Бірақ шағын бау-бақшасын жайнатайын десе, тіршілік нәрінен таршылық көріп келеді.
«Біз жұмыстың басталғанын көрдік. Жандосов көшесі бойында жасаса, қазір Төлебековте жасалып жатыр. Бірақ қашан бітетіні белгісіз. Сондықтан жобаны тезірек жүзеге асыру үшін аудан және қалалық әкімдіктен көмек сұраймыз. Бар күш-жігерін осында салса екен», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Валентина ЯЦЫНА.
Наурызбай ауданындағы сумен қамту мәселесі қала билігінің басты назарында. Есте болса, жақында Алматы әкімі осында жұмыс сапарымен келіп кеткен еді. Қазір 9 ықшамауданда жаңа су және кәріз құбырларын салу қолға алынды. Жұмысқа 250 адам, 80 арнайы техника жұмылдырылды. Ал ең ірісі тәулігіне 15 мың текше метр суды өткізуге қауқарлы «Қарғалы» су стансасы. Келесі жылы қолданысқа берілетін нысан 9 ықшамауданды, яғни 50 мыңнан аса тұрғынды таза ауыз сумен қамтиды.
Тұрғындар үшін тіршілік нәрі көптен бері арман. Өйткені түйткілдің түйіні шешілмегеніне бірнеше жыл өткен. Оны халық қала әкімімен кездескен кезде де айтып жүр.
Енді істің аяғын күту ғана қалды. Шаруаның біртіндеп шешіліп жатқанын көрген тұрғындар шағымдануды қойған. Ал, 20 жылдан астам су тасып ішкен халық стансаның тезірек аяқталуын ғана күтіп отыр.
Жадыра Омаржан, Рамина Мирзалимова, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы