Блок-бекеттерді айналып өтпек болған 47 азамат ұсталып, жауапқа тартылған – карантин

Almaty.tv
Almaty.tv
Алтын Орда базары маңындағы бекет – халық ағыны көп орындардың бірі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда карантин жарияланғалы бері блок-бекеттерді айналып өтпек болған 47 азамат ұсталып, жауапқа тартылған, деп хабарлады Almaty.tv тілшісі.

Полицейлер қулығына құрық бойламайтындар емін-еркін өтіп жүрген тағы да 30 төте жолға тосқауыл қойған. Десе де қала аумағының толықтай жабылатыны туралы ақпарат барлық бұқаралық  құралдар арқылы халыққа уақытылы жеткізіліп отырса да, қала шекарасынан өтушілердің қарасы әлі де көп. Ішінде таңнан темір қоршауға асылып қайтпай тұрғандар мен көз жасына ерік бергендер де бар.

Шепте тұрған әкімдік өкілдері мен полиция қызметкерлерінің күнде көретіні осы. Бәрінің  көңіліне қараса тәртіп болмайды. Бекітілген ереже бар. Тұрғындарға мән-жайды түсіндіріп  жатырмыз. Жағдай алғашқы күндерге қарағанда тұрақталды дейді штаб мамандары.

«Халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Халық бірінші күнге қарағанда түсініп жатыр. Бізде қалалық штабпен бекітілген алгоритм бар. 21 тармақ бар. Сол 21 тармақ бойынша азаматтар кіріп шығып жатыр», – деді Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық бөлімінің басшысы Нұрбол БЕЙСЕКОВ.

Алтын Орда базары маңындағы бекет – халық ағыны көп орындардың бірі. Аумақты полиция қызметкерлері мен сарбаздар тәулік бойы күзетуде. Олардың күнделікті тамағы мен басқа да керекті заттары жеткілікті. Еріктілер тарапынан да азық-түлік жеткізіліп жатыр. Біздің түсіру тобымыз бекетте жүргенде камераға түсірмеуді өтінген азамат алғы шепте жүргендерге наурыз көже әкеліп беріпті.

Қала маңындағы блок-бекеттерде қазір арнайы жүк көліктері мен ереже бойынша рұқсат етілген қызметкерлер ғана кіріп жатыр. Полиция қызметкерлері әр көліктің құжаттарын қарап, жүргізушілердің дене қызуын да мұқият тексеріп шығаруда. Естеріңізге салсақ, қаланы азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында жасыл дәліз жұмыс істеп тұр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы карантин кезінде қатты қажеттілік туындамаса, үйден шықпауға кеңес береді. Сондықтан індетті жұқтырмау және оның ары қарай кеңінен таралмауы үшін осы қарапайым қағиданы берік ұстанғаныңыз абзал.

Қуан Нұрақын, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров