Әуезов ауданының тұрғындары карантин талабын қаншалықты сақтауда

Фото: Әлихан Сариев
Фото: Әлихан Сариев
Бастысы – халық арасында қауіпті індеттің таралуының алдын алу
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қалада карантин режиміне байланысты халыққа медициналық бетперде кию мен санитарлық нормаларды қатаң сақтану қажеттігі міндеттелген еді. Осы талаптарды Әуезов ауданының тұрғындары қаншалықты орындауда? Оны Almaty.tv түсірілім тобы жергілікті тәртіп сақшылары мен аудандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау басқармасының өкілдерімен тексеріп көрді.  Осы мақсатта алдымен ауданында орналасқан ірі сауда ойын-сауық орталығының біріне келді.

Карантин әлі біткен жоқ.  Қоғамдық орындарда кәсіпкерлер үшін тазалықты сақтап, қажетті санитарлық қорғаныш құралдарының болуы басты талап. Осы ұстанымдарды естен шығармаған сауда орталығы келушілерді алдымен тепловизорлық аппараттың көмегімен тексереді. Бірақ бетпердесіз кіруге рұқсат етпейді. Десе де медициналық маска кимей келгендер бе болды.

БЛИЦ:

1.

– Бүгін туған күн. Соған фотосессия жасап жатқан едік. Кешіріңіздерші.

– Негізі маска тағып жүру керек, білесіз ғой?

– Иә, жарайды.


2.  

– Кіреберіске дейін  маска тағып кірдіңіз бе?   

– Иә.   

– Неге шешіп тастадыңыз?

– Ауа жетпеді.

Сондай-ақ, ауданда қызметіне кіріскен халыққа қызмет көрсету орталығы мен банктер және қоғамдық көліктерге де бас сұқтық. Алайда қызмет көрсету орындары талапты ескерсе де, елдің көбі елемей жатыр.

Ал, бұдан кейін бас сұққан тамақтану орнында мүлдем санитарлық норма сақталмаған. Арнайы топ бірауыздан бұл орынды жабуға шешім шығарды. Себебі келушілер арасында алшақтық жоқ, екіншіден, аспаздардың өздері қолғап кимеген. Олқылықты мойындағысы келмесе де, тексерушілерді алдай алмады.

«Бүгін қоғамдық орындарда тексеріс жүргіздік. Бірнеше заң бұзушылық анықталды. Солардың бірі «Дегирмен» тамақтану орталығы. Мұнда тепловизор жоқ және кіреберісте санитайзер орнатылмаған. Иесіне барлығын түсіндіріп, нұсқаулықтар берілді. Енді талаптар дұрыс орындалған жағдайда ғана ашылуға рұқсат етіледі», – деді Әуезов ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Зина ЗЕЙНАЛОВА

Жалпы, мұндай орындардың қайта жабылуына қожайындардың істеріне салғырт қарауынан дейді.

«Бүгінге дейін 9 нысан жабылды. Өзі жұмысын уақытша тоқтатты. Өйткені олар санитарлық нормаларға сай емес. Кәсіпкерлер өз жұмысына  дұрыс қарамайды. Сол себепті  жабылды», – деді  Әуезов ауданы әкімі аппаратының  мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы Ерасыл ӨКМЕТОВ.

Жалпы тексеріс барысында тек бүгін Әуезов ауданында карантин талаптарын сақтамаған екі азық-түлік дүкені мен бір қоғамдық тамақтану орыны жұмысын уақытша тоқтатты. Ал қоғамдық орындарда бетперде кимеген тұрғындарға ескертулер жасалынды. Алдағы уақытта ауданда осындай тексеру жұмыстары жалғаса бермек. Бастысы  – халық арасында қауіпті індеттің таралуының алдын алу.

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» арнасы

Новости партнеров