Еңбекшіқазақ ауданында қайғылы оқиға: өрттің неден шыққаны белгілі болды

azattyq-ruhy.kz
azattyq-ruhy.kz
Қайғылы оқиға кеше таңға жуық орын алған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысының Есік қаласында бір отбасының бірдей үш баласы тілсіз жаудың құрсауында қалып, көз жұмды. Қайғылы оқиға кеше таңға жуық орын алған. Балалармен бірге апасы да зардап шеккен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.     

Бізге белгілі болғандай,  оқиға таңғы сағат төрт шамасында орын алған. Көршілердің сөзінше қайтыс болған балалардың саудамен айналысатын ата-анасы оларды  апасының қолына қалдырып кеткен.

Жанып кеткен үйдің бүгінгі жағдайы осы. Қабырғасы қамыстан жасалған баспананың жарамды жері қалмаған. Тілсіз жау демде үлкен аумаққа тарапты. Есік қаласында тұратын отбасы күнкөрістің қамымен балаларын нағашы әжесінің қолына тапсырады.

«Біз бұл сұмдықты ең бірінші көрдік. Өйткені жатын бөлмеміздің терезесі сол үйге қарайтын. Апасының қатты дауысынан оянып кетіп, далаға шықтық. Балаларды өз шығара алмаса керек «балалар» деп айғайлаумен болды. Үсті-басы бәрі күйіп кеткен, жағдайы өте ауыр еді. Бірақ есін білетін», – деді көршісі Вера ГОЖЕЛОВСКАЯ.  

Осындағы мектептердің бірінде оқитын 15 жастағы Дінмұхамед тәртіпті еді дейді мұғалімдер. Жеткіншектің математикаға деген қызығушылығы мен қабілеті күшті болған деп еске алады балалардың ұстаздары. Ал 9-дағы Әлібек ақкөңіл, сабағын тек жақсы бағаға оқитын үлгілі оқушылардың бірі болыпты.

«Екеуі де өте сондай тәрбиелі, сондай сыпайы, ата-анасының тәрбиесін көрген оқушыларымыз еді. Себебі сабақтарын 4-5 ке оқиды. Сабақта  да бірінші партада отыратын. Ынтасы жақсы. Күнде кешке жақын ата-анасын да көріп тұрамыз. Ата-аналары ұлдарын алып кетіп тұрды», – деді Абылайхан атындағы № 4 орта мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанат НҰРАМБАЕВ.

Бүгін балалардың жаназасы шығарылып денелері жер қойнауына тапсырылды. Ал балалармен бірге болған әжесінің қазір жағдайы өте ауыр. Дәрігерлердің сөзінше, оның денесінің 90 пайызы күйіп кеткен.

«Пациент кеше таңғы 5-те өте ауыр жағдайда келіп түсті. 90 пайыздан көп мөлшерде күйік шалған. Жағдайы өте ауыр, жасанды жолмен дем алуда», – деді дәрігер анестезиолог Қайрат МҰСАХАНОВ.

Тілсіз жаудың неден пайда болғанын мамандар белгілеп қойған. Орны толмас қайғылы жағдайға электр желісінің дұрыс жұмыс істемеуі себеп болыпты.

«Өрт электр  желісінің тұйықталуынан болуы мүмкін деген негіздемені алдық, соның кесірінен үй өртке оранып, үш бала қайтыс болды. Олардың апасы қазір ауыр хәлде ауруханада жатыр. Ол кісінің жанын сақтау үшін облыстың білікті дәрігерлері күш жұмсауда», – деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалыммұрат ЖҮКЕЛ

Жергілікті әкімдік өкілдері зардап шеккен отбасыға қаржылай көмек көрсетіп, керекті психолог мамандармен жұмыс жүргізіп жатырмыз деді.

Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов 

"Алматы" телеарнасы

Новости партнеров