Дәмхана иесі жабық нысанға 100-ге жуық адам қабылдағаны үшін жауапқа тартылады

Almaty.tv
Almaty.tv
Бұл жағдай Медеу ауданында тіркелді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгінде карантин талаптарына салғырт қарап, оны елегісі келмейтін кәсіпкерлік нысандары азаймай тұр. Медеу ауданындағы дәмхана қожайыны жабық нысанға 100-ге жуық адам қабылдап, думандатып жатқан жерінен ұсталды деп хабарлайды, Almaty.tv тілшісі.

Шағын дәмхана ішінен бос үстел таппайсың. Олар індеттің таралуына қарамастан, демалыс орнында дастархан жайып, көңіл көтерген. Қожайыны келушілерді маскасыз қабылдағаны бір бөлек, әлеуметтік ара-қашықтық мүлде сақталмаған. Аяқ-асты келген бақылау тобын күтпеген олар журналистер мен тәріп сақшыларын көргені сол еді, барлығы жан-жаққа тым-тырақай қаша бастады.  Қаланың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, қоғамдық тамақтану орны келушілерді кешкі сағат 10-ға дейін жазғы алаңдарда ғана қабылауы тиіс. Ал дәмхана қожайыны негізгі кіреберіс есікті жауып, қонақтарды жабық нысанға артқы жасырын есіктен қабылдаған. Ал, санитарлық талапты бұзған қонақтар жауап беруден бас тартты. Санитар мамандар дәмхана иесіне хаттама толтырып жатқанда даяшылар мен қызметкерлер артқы есіктен қашпақ болды. Тәртіп сақшылары оларды бірден байқап, ұстап үлгерді.    

Ал мына ашық аспан астында орналасқан дәмханада 100-ге жуық адам футбол матчын тамашалап отыр. Түнгі сағат бір болса да олар үйлеріне асығар емес. Ал, бұл жердің әкімшісі «мен клиент емес, тек өз достарымды қабылдадым»,- деп ақталды.

Түнгі уақытта Жетісу ауданы мониторинг тобы да бірнеше заң бұзушылықты анықтады. Мұнда карантин талаптарына қарамастан сауна жұмыс істеген. Монша иесі 10-шақты адамды демалыс орталығына еркін қабылдап, кәсібін дөңгелетіп келген. 

«Бүгінгі күні қалалық бас санитардың қаулысына сәйкес, моншалар мен сауналардың карантин кезінде жұмыс істеуіне тиым салынған. Қазір осы жердің иесіне әкімшілік құқық-бұзушылықтың 425 баптың 1 тармағына сәйкес айыппұл салынды»,- деді Жетісу ауданы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Әсима Исембаева.

Одан бөлек, Медеу ауданының мониторинг тобы жертөледе жасырын жұмыс істеген түнгі клубтың жұмысын әшкереледі. Мұнда жасы 20-25 аралығындағы бозбала жігіттер мен қыздар сауық-кешін ұйымдастырып жатқан жерінен ұсталды. Олар тұрғын үйдің жер астын ішкімдік пен нашақорға құмар жандардың ордасына айналдырған. Тәртіп сақшылары олардың бәрін қызметтік көлікке отырғызып, бөлімшеге алып кетті. 
Медеу ауданының мониторингтік тобы бір ай ішінде 300-ге жуық шағын және орта  нысандарын тексерген. Олардың 246-сына шектеу шараларын бұзғаны үшін айыппұл салынса, 168-нің қызметі толығымен тоқтатылған.


Новости партнеров