Ақан Сатаев «Қазақфильмдегі» өртті әлдекімдер әдейі жасады деп есептейді

Almaty.tv
Almaty.tv
Белгілі режиссер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында осылай деп мәлімдеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы "Қазақфильм" студиясында болған ірі өрт әлдебіреудің ұйымдастыруымен әдейі жасалған болуы мүмкін. Компания Президенті, белгілі режиссер Ақан Сатаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында осылай деп мәлімдеді деп хабарлайды, Almaty.tv тілшісі.

«Мен қазір Қазақ хандығы фильмі түсірілген жерде тұрмын. Өкінішке қарай, бұл жер өртеніп кетті. Екінші өртке оранған жер осы маңнан 200 метрде.  Мұны әдейі біреу өртеді деп есептеймін. Абырой болғанда, адамдар зардап шеккен жоқ. Біз қылмыскерлерді табамыз деп ойлаймын»,- деді Ақан Сатаев.  

Төтенше жағдай салдарынан, "Қазақ хандығы" фильміне арнайы жасалған декорациялардың түгі қалмай отқа оранды. Тарихи фильм бүгінде толығымен түсіріліп, көпшіліктің назарына ұсынылған еді. Құнды дүние әлі де талай кино түсіруге жарамды еді дейді режиссерлер. Декорациялардың көркемдігі соншалық, бұған дейін шетелдік киноөндірісінің мамандары да қызығушылық танытқан. Тіпті бұған дейін шетелдіктер Қазақстанға келіп осы аймаққа Болливуд киносын түсіруді жоспарлаған болатын.

«Декорацияның өзі, әрине, баға жетпес дүниелер еді. Өйткені бұларды жасауға білікті суретшілер мен дизайнерлер ат салысқан еді. Ондағы үлкен еңбекке менің өзім куәмін. Бәрінен бұрын біз киностудияның мұражайы үшін алаңдадық. Себебі онда Шәкен Кенжетайұлына тиесілі көптеген заттар бар еді»,- дейді Ирина Айманова.
Төтенше жағдайға куә болғандардың айтуынша, алдымен киностудия қоймаларында түтін тұтана бастаған. Аз уақыттың ішінде өрт жақын маңайды түгел шарпыған.
«Мен осы маңайда жұмыс істеймін. Киностудияның жанында дүкенім бар. Шамамен сағат 9-10 шамасында түтінді байқай бастадық. Өрт киностудия аймағының екі бөлігінде болды. Бірінші сол жағында басталды, кейіннен 15 минуттан соң оң жағалауда да өрт бола бастады»,- дейді куәгер Никита Бондарцев.
Кеше кешкі сағат тоғыз шамасында басталған өрт 600 шаршы метр аумақты шарпыған. Қызыл жалынды ауыздықтауға 53 қызметкер мен 16 техника жұмылдырылды. Төтенше жағдай қызметкерлерінің айтуынша, өрт нақты шығу себебі әлі белгісіз. Зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Біздің базаға алғашқы қоңырау 21:33-те келіп түсті. Дәл қазір нақты ақпарат -өрт деректемелер мен декорациялар сақталған қоймадан шыққан. Медициналық қызметкерлер мен өрт сөндірушілер оқиға орынына дер кезінде жетті. Зардап шеккендер жоқ»,- дейді Бостандық ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері.
Еске салайық, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген «Қазақ хандығы» фильмінің түсірілімі Алматы облысында, одан кейін еліміздің оңтүстік өңірінде жалғасқан болатын. Ал, киноның соңғы бөлімдері осы өртке оранған "Қазақфильм" студиясының павильонында түсірілді.

Новости партнеров