|
29.03.2021 | 21:21
1365

Карантин талабын өрескел бұзған караоке-бар: алкоголь, қорқор, кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер

Бар бөлмелері өте тығыз, ал ғимарат ішінде 70 шақты адам болған

 Карантин талабын өрескел бұзған караоке-бар: алкоголь, қорқор, кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер

Қаладағы эпидахуалдың нашарлағанына қарамастан, кей кәсіпкерлік нысандар жұмыс істеуін тоқтатпай тұр. Алмалы ауданы мониторингтік тобы жүргізген тексеру барысында осындай бірқатар орын анықталды. Айыппұл арқалаған кәсіпкерлер не дейді? Almaty.tv тілші тарқатсын.

Қатаң шектеу шараларын елемеген бұл нысан көпқабатты үйдің жертөлесінде орналасқан. Бар бөлмелері өте тығыз, ал ғимарат ішінде 70 шақты адам болған.

Мониторингтік топ анықтаған бүгінгі нысан басқа аудандардағы ғимараттарында да айыппұл төлеп үлгерген екен. Ал бүгінгі орында карантиндік талаптарға байланысты тыйым салынған алкогольдік ішімдіктер де, қорқор да қолданылған.

Көңіл көтеру орнының әкімшілігі «бұл орынды бүгін ғана ашқанбыз», дейді. Соған қарамастан, түнгі сағат 01.00 шамасында да келушілері азаймады. Айта кету керек, бар қонақтарының ішінде кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер де жүр.  

«Осындай жағдаймен мониторингтік топқа ұсталдық. Іште 40-45 адамдай болды. Бүгіннен кейін болды жұмыс жасамаймыз. Но енді амал жоқ, енді не істейміз біз?» – деді кәсіпкер Дәулет Избанов.

«Карантин талаптарын қайта қарауды сұраймын. Толық жаппай, қандай да бір уақыт аралығында жұмыс істеуге мүмкіндік берсе дейміз. Себебі, тамақтану орындары- біздегі бизнестің бір көзі. Сол бизнестің арқасында қаламыз дамып жатыр ғой», – деді кәсіпкер Ислам Юлдашев.

Мониторингтік тексеру барысында анықталған нысан әкімшілігіне заң талаптарына сәйкес айыппұл салынады. Ал ережені елемеген қонақтар Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына жеткізілді.

«Тексеру барысында карантин талаптарын бұзған 5 нысан анықталды. 150 адам шамасында басқармаға жеткізілді. Барлығына 425-бап бойынша айыппұл салынады», – деді Алмалы ауданы кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Мақсат Бердиев.

Айта кетейік, наурыз айында аудан бойынша жүргізілген 87 рейд жұмысында 968 кәсіпкерлік нысан тексерілген. Оның 173-і карантиндік шектеуді елемей, заң бұзғаны үшін жауапқа тартылды.

Мадина Оқас, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир