Нұр-Сұлтандағы «Времена года: Зима-3» тұрғын үй кешенінде 7-қабаттан құлаған жедел сатыға тәуелсіз сараптама жүргізілмек. Бұл туралы Жеделсаты компаниялары қауымдастығы төрағасының орынбасары Владимир Табашнюк айтты. Айта кетейік, осыдан төрт күн бұрын орын алған төтенше жағдай барысында лифтінің ішінде екі бала мен екі ересек адам болған. Әбден зәрезап болған біреуі бұған дейін инфаркт алған. Тұрғынға жедел жәрдем шақыруға тура келген. Елордалық Almaty.tv тілшісі Салтанат Нысанбек толықтырсын.
Дамир Сәлімов осыдан екі жыл бұрын инфаркт алған. Ал болған сұмдық оқиғадан кейін қайтадан «тахикардия» пайда болды, жүрегім ауыра бастады дейді. Енді жеделсатыға міну фобиясы пайда болғандықтан, 9-қабатқа баспалдақпен көтеріледі.
«Мен және екі баласымен көрші әйел мінді лифтке. Жетінші қабатқа көтеріліп едік, сілкіп-сілкіп, іргеқабатқа лақтырып жіберді. Операторға звондап, білейін деген едік не болғанын. «Енді сіздер тірісіздер ғой, шығыңдар» деді. Негізі бұндай жағдай біздің үйде жиі қайталанады. Бүгін мысалы төртінші подъезде бір келіншек лифтте қамалып, көпке дейін шыға қалды. Қолында бірнеше айлық нәрестесі болды. Сұмдық!» – деді қала тұрғыны Дамир Сәлімов.
«Жетінші этажға жақындаған кезде сілкіді бірінші. Содан кейін таблодағы сандар көрінбей, әрлі-берлі былай сызық шықты. Қайтадан этаждардың саны шықты. Екі балам үшін қорықтым. Темірден ұстап, екі баланы қысып ұстап, сол жерде жантүршігерлік жағдай болды», – деді қала тұрғыны Динара Әшенова.
Тұрғындардың сөзінше, жеделсаты үшін бір пәтер айына 1660 теңгеден төлейді. Кешенде 300-ге жуық пәтер бар. Алайда лифт қызметі мүлдем көңіл көншітпейді дейді. Оның ақаулары жайлы тұрғындар осыған дейін де бірнеше мәрте шағымданған. Бірақ ешқандай әрекет көрмепті. Ал соңғы орын алған жағдай бойынша жауапты компания төтенше оқиға орын жоқ деп отыр.
«Түйткіл шешілді. Оған 6-тамызда тұрғын үй кешені электр қуатынан қысқа мерзімге ажыратылғаны себеп болды. Жеделсатыда қорғаныстық серпіліс іске қосылды. Әлбетте бұл адамдарды қорқытқан. Келесі күні қалалық әкімдік өкілдерімен барлық лифтілерді қарап өттік. Жеделсаты құлады деген факт расталмады. Бұған қатысты акт те құрылды. Ертең тәуелсіз сараптама жасалады», – деді ҚР Жеделсаты компаниялары қауымдастығы төрағасының орынбасары Владимир Табашнюк.
Қайткенмен төтенше жағдай болып-болмағанын енді құзырлы органдар тексермек. Тұрғындар болса, бұл үйлеріндегі жалғыз түйткіл еместігін алға тартады. Айтуларынша, тұрғын үй кешенінде үнемі өрт болады. Жарықтандыру атымен жоқ. Бұдан бөлек, егеуқұйрықтар қаптап жүр дейді. Бұл мәселелердің жауабын алу үшін үй басқарушысын сұхбатқа тартайын деп едік. Алайда түсірілім тобын көрген ол кеңсесіне кіріп, есігін ішінен бекітіп алды.
Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан