Алматыда дезинфекциялық жұмыстардың 10-кезеңі басталды. Қалада пәтерлер мен аулаларды арнайы сұйықтықпен тазалау қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Күніне 8 мыңнан астам подьезд, 1 мыңға жуық аула залалсыздандырылады. Және де басты назар ауру ошақтарына бөлінеді. Аталған жұмыстарға қала бойынша 500-дей адам жұмылдырылды.
Әдеттегідей тұрғындарды ескерткен бір топ маман жұмыла жұмысқа кірісті. Дезинфекциялауға белсене араласып жүргендердің қатарында жас маман Асылбек Аманбекұлы бар. Ол 3 жылдан бері клинингтік компанияда жұмыс істейді. Жас жігіт қиындықтан еш қашпайтынынын айтады. Тек тұрғындар атқарған еңбектеріне жауапкершілікпен қарап, түсіністік танытса дейді.
«Мүмкіндігінше жәйттер мен жоспарларға біз сай жұмыс істеп келе жатырмыз. Подьездерде кейде біз көп жағдайларда кездестіріп жатамыз. Кішкентай балалардың арбалары, велосипедтері тұрады. Соның барлығы қиындық туындатып жатады», – деді дезинфекционист Асылбек АМАНБЕКҰЛЫ.
Бүгінгі Асылбектің жұмысы Самал-2 ықшамауданындағы Назарбаев 240 мекенжайынан басталды. Мамандағы биотехнолог жігіт күніне 20 шақты подьездге химиялық препаратты шашып шығады. Сөзінше, үстіндегі форманы кию төзімділікті қажет етеді. Өйткені ол ыстық тартатын көрінеді. Оған қоса, кейде 12 қабатты үйде жедел саты істен шығып қалғанда, сұйықтықпен бірге көтерілуге тура келетін сәттер болады дейді.
«Бұрын таңғы 8.00-ден түске дейін бітіретін болсақ, қазіргі уақытта таңнан кешке дейін істейміз. Тіпті обьектілердің уақыты сәйкес болмай, кейде үйлердің көптігіне байланысты жігіттер автобусқа да үлгермей жатады», – деді дезинфекционист Асылбек АМАНБЕКҰЛЫ.
Айта кетейік, мамандар күніне бір ғана Медеу ауданында 200 подьезді тазалап кетеді. Олар бүгін 100 ауру ошағына дезинфекция жасады. Бұл жұмысқа бөлек мамандар тартылады. Себебі ондай сәтте есіктің тұтқасынан бастап, баспалдақтарды жіті тазалап шығу маңызды.
«График бойынша Медеу ауданында таңғы сағат 8.00-де Самал 1, Самал 2, Самал 3 шағын аудандарында жұмыс басталды. 7 бригада, 40 дезинфектордан тұрады Медеу ауданына бөлінген. Күніне негізгі Медеу ауданында 230-240-270 әркүн әртүрлі жоспарға сәйкес 7 бригада, 40 дезинфектор жұмысын шағын ауданында өткізеді», – деді қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасының инспекция бөлімінің басшысы Жандос ҚАЙЫРХАНОВ.
Алматыда бас-аяғы 8 жарым мыңға жуық көпқабатты тұрғын үй, онда 24 мыңнан аса подьезд, 4 мыңнан аса аула бар. Бұл аумақ карантин аяқталғанға дейін үздіксіз тазартылып отырады.
Жадыра Омаржан, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» телеарнасы