Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы қылмыс 20 пайызға азайған

Фото: Қазконтент
Фото: Қазконтент
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және ұрлық, тонау фактілерін болдырмау үшін шаралар қабылданып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде төтенше жағдай жарияланған кезден бастап қылмыс 20 пайызға азайған. Мұндай мәліметті онлайн-брифинг барысында еліміздің Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, блок-бекеттердің қойылуына қарамастан, кей азаматтар карантин режимі енгізілген шаһарларға заңсыз кірмек болған.

Ішкі істер министрі берген ақпар бойынша бөлек шектеу шаралары Ақтау, Атырау, Қарағанды, Теміртау, Абай, Сарань және Шахтинск қалаларында енгізіліп отыр. Алайда шаралардың күшейтілуіне қарамастан, заңбұзушылар жоқ емес. Мәселен, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына карантинге қарамастан, заңсыз кірмек болған фактілер анықталды. Қазірге дейін 33 азамат жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарында төтенше бұл жағдайды пайдасына жаратқысы келгендер, адамдарға ақшалай сыйақы үшін  блок-бекетті айналып, тасымалдаймын дегендер де баршылық. 

Бұдан бөлек, Ерлан Тұрғымбаев санитарлық ережелерді бұзып жатқандар да барын жеткізді. Мәселен, кей азаматтар ем-домнан бас тартып, өзімен байланыста болған адамдар жайлы ақпаратты беруден бас тартуда. Осындай төрт тұлғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Министр мырза жағымды жаңалықты да айтып өтті. Мысалы, төтенше жағдай басталғаннан бері елімізде қылмыс саны біршама азайған.    

«Азаматтар мен автокөліктердің қозғалысы қатаң тексеріледі. Жаяу және автокөлік патруль саны көбейтілді. Бейнебақылау жүйесі іске қосылды. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және ұрлық, тонау фактілерін болдырмау үшін шаралар қабылданып жатыр. Төтенше жағдай жарияланған кезден бастап елімізде қылмыс саны 20 пайызға азайды», – деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ.  

Сонымен қатар, Ішкі істер министрі кей азаматтардың жалған мағлұмат тарату фактілері әлі де орын алып жатқанын айтады.

Новости партнеров