Нұр-Сұлтанда «Телеграмм» желісінде 42500 теңге алу бойынша жалған бот құрып, халықты алдап жатқан алаяқтар пайда болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгінгі күні полицияға осындай 4 шағым түскен. Анықталғандай, «Телеграммда» интернет алаяқтары Egov логотипі бар «@NurSultan_42500_Bot» деген жалған аккаунт құрған. Аталған бот ресми түпнұсқалық логотипіне ұқсас. Тек логиннің төменгі жағында сызықша қойылған. Бұл бетті ашқан кезде төтенше жағдай уақытында берілетін әлеуметтік төлем алу үшін құжат толтыруға болатыны туралы хабарлама шығады. Толтыру кезінде ЖСН және басқа да дербес деректерді енгізу ұсынылады. Содан кейін бот пайдаланушыны онлайн-қарыздарды ресімдеу бойынша келесі бетке аударады. Өтініш берушілер көрсеткен дербес деректерді пайдалана отырып, алаяқтар оларға онлайн-қарыздар ресімдейді. Тіпті тәртіп сақшылары жеке мәліметтер арқылы 42 500 теңгені алаяқтар өз қалталарына түсіру де мүмкін деген пайым жасап отыр. Осылайша елордада 4 адам зардап шеккен.
«Қазір осы фактілер бойынша Қылмыстық Кодекстің 190-бабы, яғни алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып кетті. Сондықтан біз азаматтарды ескерткіміз келіп отыр, осындай алаяқтық деректердің құрбаны болмас үшін алдымен министрліктің, яғни ресми органдардың колл- орталықтарына хабарласып, нақтылап, яғни тек көздеріңізді жеткізіп барып, мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмекті рәсімдеулеріңізді сұраймыз», – деді қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Данияр ОРАЛОВ.