Нұр-Сұлтан әуежайы Алматыдан ұшып келген алғашқы рейсті қалай қабылдады

Almaty.tv
Almaty.tv
Тосыннан болатын оқыс жағдайларға әуежай қаншалықты сақадай сай?
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұр-Сұлтан әуежайы бүгін Алматыдан ұшып келген алғашқы рейстерді сәтті қабылдады,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Екі қалада әуе тасымалын іске қосуды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған еді. Төтенше жағдайға байланысты рейстерге шектеу 30 наурызда қойылған. Ал қауіпсіз ұшудың талаптары қалай қадағалануда? Тосыннан болатын оқыс жағдайларға әуежай қаншалықты сақадай сай?

Бір айлық үзілістен соң бүгін Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежай алғашқы рейстерді қабылдай бастады. Ең бірінші болып жолаушылар Алматы қаласынан ұшып келді. Айтуынша, олар күні бұрын індетке тест тапсырған. Тек медициналық анықтаманы алысымен әуе кемесінің бортына мініпті. Алғашқы жолаушылардың бірі болған Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова тесттердің удай бағасына шағымданды.  

«Мен билетке 54 мың, ал COVID-19-ға тексерілу үшін 19 мың теңге жұмсадым. Менің ойымша, бұл өте қымбат. Тесттер тегін болуы тиіс. Өмір бойы салық төлеп келемін, бұл сынамаларды тегін алума құқым бар деп санаймын», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ирина СМИРНОВА.

Әуежайда сақтық шараларының барлығы қарастырылған. Ғимаратқа тек коронавирусқа тест тапсырған жолаушылар ғана кіре алады. Күніне екі мәрте дезинфекциялық шаралар жүргізіледі. Ал қашықтықты сақтау үшін еденге арнайы белгілер сызылған. Ішкі рейстерге арналған терминалдың кіреберісінде тәртіп сақшылары мен арнайы қорғаныс костюмдерін киген медицина қызметкерлері тұр. Олар барлық келген жолаушылардың дене қызулары мен коронавирустың жоқтығын растайтын анықтаманы жіті тексерді.

«Егер де термометрияға тексерткен кезде жоғары температура, дене қызуы жоғары адам анықталатын болса, оған арнайы бөлме анықталды. Дене қызуы жоғары жолаушылар жаңағы бөлмеге оқшауланады. Медработниками аэропорта олар тексеріледі. + Коронавирус, басқа да инфекциялық ауруларға күдікті болатын болса, онда біз қаладан скорый медицинский помощь шақырамыз», – деді қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Дария ӘЗІМБАЕВА.

Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайының атқарушы директоры Дәулет Хамзиннің сөзінше, карантин уақытында ауежай жұмысы толықтай тоқтамағанын жеткізді. Көкке азаматтық рейстер көтерілмегенімен, жүк  және гуманитарлық көмек тасымалдау үшін әуе кемелеріне қызмет көрсетілген. Десе де соңғы айда кәсіпорын шығынға батқан көрінеді. Алайда директор нақты сомасын атамады.

«Карантинге дейін тәулігіне 200-ден астам рейске қызмет көрсеттік. Карантин уақытында бұл көрсеткіш 10 есеге қысқарды. Орта есеппен 20-ға жуық рейс болды. Транзиттік және жүк рейстерімен жұмыс істеп, гуманитарлық көмектерді қабылдадық», – деді Нұрсұлтан назарбаев халықаралық әуежайының атқарушы директоры Дәулет ХАМЗИН.

Бүгін барлығы 6 рейс жасалды. Оларды Air Astana, Qazaq эйр, Scat әуе компаниялары орындады. Айта кетейік, 4 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыдан Қызылордаға, Петропавлға, Өскеменге және Семейге де әуе қатынастары қайта жанданбақ.

Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан


Новости партнеров