Бұл туралы бүгін ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары Марат Көлдіков мәлімдеді. Оның айтуынша, елордада қарлы бұрқасынмен күресуге техника жеткіліксіз. Аталған қаражат күрделі мәселені шешіп қана қоймай, жылыту бекеттерін құруға да жұмсалыпты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Қаңтардың 24-і мен 27-сі аралығында қар құрсауынан 2 мыңнан астам адам құтқарылды. Сондай-ақ техниканың екі мыңнан астам бірлігі де шығарылды. Ауа-райының қолайсыздығы, әсіресе Нұр-Сұлтан, Ақмола және Қарағанды облыстарында байқалды. Ал Павлодар, Шығыс және Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында жолдар жабылған болатын», - деді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары Марат КӨЛДІКОВ.
Адамдарды қар құрсауынан шығару үшін 1500-ге жуық құтқарушы мен арнайы техниканың 700 бірлігі жұмылдырылды. Республикалық және облыстық маңызы бар жолдар 106 мәрте жабылды. Еліміздің 10 өңірі бойынша 93 дауылды ескерту жарияланды. Қазіргі таңда Павлодар облысы мен Шортаңды бағытындағы жолдар жабық.
«Республика бойынша 10 жедел әрекет ету штабы құрылған. Жылыту бекеттеріне келсек, кеше түнгі үштен Нұр-Сұлтан мен Шортаңды арасында тұрған колонна Ақкөлге эвакуацияланды. Ол дегеніміз 382 адам. Олар қазір Мәдениет сарайы мен жергілікті колледжде орналастырылған. Адамдарға тынығатын орын мен тамақ берілді», - деді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары Марат КӨЛДІКОВ.