Елордадағы «Астана су арнасы» коммуналдық қызметінің бұрынғы басшысы жемқорлыққа барды деген күдікке ілінді. Ол жауапкершілігі шектеулі серіктестікте қала ішінде кеңсе орындары мен жертөле нысандарын бергені үшін қыруар қаржы мен пәтер алған деп айыпталуда деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тағы бір экономикалық қылмысқа Қарағанды облысында полиция майоры қатысы бар болуы мүмкін. Қазір бұл істің мән-жайы анықталып жатыр.
Елдегі қаржылай қылмыстарды Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді.
«Астана су арнасын» басқарған экс-басшы бірнеше пәтер мен 60 мың доллар көлемінде пара алған деп айыпталып отыр. Оны қазір құзырлы орган өкілдері тергеп жатыр.
«Ол ЖШС пайдасына офистік және жертөле үй-жайларын беру туралы қосымша келісім жасасу және тұрғын үй кешенін кәсіпорын теңгеріміне қабылдау-тапсыру актісіне қол қою үшін пара алды деп күдікке ілініп отыр. Бұл үшін ЖШС директорынан тұрғын үй кешеніндегі 2 пәтерді және 60 мың АҚШ долларын алғанын мойындады», - дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман БЕРДАЛИН.
Сонымени қатар, Қарағандыда облысында жаяу жүргіншіні қағып өлтірген жүргізушіні полиция майоры түрмеден құтқарып қалу үшін қаржы талап еткен. Ол аталған факт бойынша қылмыстық істі тоқтату үшін 300 мың теңге көлемінде қаржы талап еткен көрінеді.
«ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Қарағанды облысы бойыншы департаменті мен ҚР ІІМ Өзіндік қауіпсіздік қызметі бірлесіп, Қарағанды облысы Бұхар жырау ауданы полиция басқармасы Мұстафин кентінің полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майорының парақорлық фактісін анықтады», - деді Арман Бердалин.
Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Әйтей ауылы әкімінің орынбасары да пара алды деген күдікке ілініпті. Әкімдік тарапынан азаматқа берілген жер телімін пайдалану туралы құжатты өзгертуі үшін ол 350 мың теңге талап еткен. Қазіргі уақытта арынан аттаған шенеунікке қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.