Алматы облысының Қарасай ауданында жыл басынан бері 127 гектар алқапты өрт шарпыған

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Қарасай ауданында 21-ден астам шаруа қожалығы бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысының бір ғана Қарасай ауданында жыл басынан бері 67 құрғақ шөп пен алқаптың өртену дерегі тіркелді. Қызыл жалын 127 гектар аумақты шарпыған. Осылай деп дабыл қаққан төтеншеліктер бүгін шаруа қожалықтарына арнайы барды. Оларға түсіндірме жұмысын жүргізіп, жадынама таратты. Әсіресе тамыз айында өрт дерегі неліктен жиілейді? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі Жадыра Омаржан тарқатады.

Қарасай ауданында 21-ден астам шаруа қожалығы бар. Олар алқапқа егін егумен айналысады. Төтеншеліктер әсіресе тамыз айында күн ыситындықтан, өрттің қауіпті кезеңі басталды дейді. Осы тұста жылда құрғақ шөп пен егістік алқаптарының өртенуі жиілейтін көрінеді. Сондықтан мамандар қызыл жалынның алдын алу үшін шаруа иелеріне қауіпсіздік шараларын тағы бір мәрте еске салды.

«Егістік алқабының айналасына өртке қарсы минералды жолақтарды сапалы түрде жасау керек. Яғни, ені кемінде 4 метрден кем болмауы керек. Тағы да дала жұмыстарын жасайтын тұлғаларға өрт қауіпсіздігі бойынша нұсқаулықпен танысу керек. Өрт сөндіру құралдары нормаға сәйкес болуы керек және дайындықта болуы керек. Оны алу кезінде мүмкіндік болуы керек», – деді  Алматы облысы Қарасай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері Нұрсұлтан Сабыров.

Тағы бір айта кететін жәйт, егістік алқабы маңында қоқыс пен шөп жағуға қатаң тыйым салынады. Одан әрмен төтеншеліктер жанармай бекетіндегі газ құятын станцияларды тексерді. Өйткені көліктеріне көгілдір отын орнатқандар өрт қауіпсіздігіне бейжай қарайтын болған. Соның салдарынан ауданда жыл басынан бері 18 көлік өртке оранған.

«Газбен жүретін көліктерде болған өрт тұрғын үйдің ауласында, тұрақжайларда және тағы да халық жүретін орындарда болды. Негізі оның ұстанатын ережелері бар. Әрине, темір тұлпар жүргізушілерінің жанармайдан газға көшудегі басты мақсаты үнемдеу екенін түсінеміз. Бірақ қауіпсіздікке мән беру керек. Егер көліктің ішінде газдың исі шыққан немесе титтей төгілгенін көрген кезде көлікті тоқтату керек. Жолаушыларды шығарып, ауа кіргізіп, жақын маңдағы жөндеу орталығына бару қажет», – деді Алматы облысы Қарасай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Асқар Мұқашев.

Қарасай аудандық төтенше жағдайлар бөлімі өрт қаупі жоғары кезеңге арнайы жұмыс тобын бекіткен. Жеке құрамнан 120-дан аса адам, 18 техника, 9 сү бүркігіш, 100-ге жуық құрал-сайман әзірленді. Мамандар өртті сөндіргеннен гөрі алдын алу оңай екенін айтты.

Жадыра Омаржан, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы


Новости партнеров