|
20.02.2020 | 23:15
2927

Шымбұлақ ауылында шіріген ағаштың кесірінен үй өртеніп кетті

Абырой болғанда, егде жастағы үй иесі сыртқа шығып үлгерген

Шымбұлақ ауылында шіріген ағаштың кесірінен үй өртеніп кетті Almaty.tv

Жергілікті тұрғындар елді мекендегі мұндай апатты жағдайды ауру ағаштардың көптігімен түсіндіреді. Ауыл халқының жергілікті биліктен оларды кесіп беруді сұраған барлық өтініштері жауапсыз қалып жатқан көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл бейнекадрлардан біз құлаған ағаштың газ құбырын зақымдағанын байқаймыз. Одан барып, жақын орналасқан үйден өрт шыққан.

«Үйге жүгіріп барып, қайта келсем, өрт болып жатыр екен. Одан өрт сөндірушілерге қоңырау шалдық, төраға  келіп қалды. Сонымен газдың бұрандасын жаптық. Өрт сөндіргіштер келгенде, екінші терек құлап жатты. Қас қылғанда, өрт сөндірушілерде су жоқ екен», - деді «Шымбұлақ» ауылының тұрғыны Автандил ЕСІМОВ.

Куәгерлердің айтуынша, шіріген терек отқа оранған үйдің есігіне жақын құлап, оны тіреп қалған. Абырой болғанда, егде жастағы үй иесі ол кезде сыртқа шығып үлгерген. Әйтсе де, өрт сөндіру қызметі ауыл тұрғындары хабар бергеннен кейін бірнеше сағаттан кейін ғана жеткен. Ауыл адамдары апатты жағдайдағы ағаштарды осыған дейін талай рет кесіп беруін сұрапты.

«Біз ауылымызда шіріген ағаштар бар деп талай өтініш жасаған болатынбыз. Оларды кесіп берулерін сұраған едік. Олар ағаштарды кесіңдер деп рұқсат беруге біздің құқығымыз жоқ деп жауап жазды. Қалай болғанда да, өз күндеріңді өздерің көріңдер дегендей жауап қой бұл», - деді «Шымбұлақ» ауылының тұрғыны Анатолий АГИСАЕВ.

Тұрғындардың бұл өтінішін қанағаттындырмаған әкімдік бұған дейін шіріген ағаштардың жекеменшік аймақта тұрғанын айтып ақталған болса, енді бұл істі қолға алатынын хабарлады.

«Иә, бізге ондай өтініш келіп түсті. Апаттық жағдайдағы ағаштар жекеменшік аумақта тұр. Қазір біз Төтенше жағдай бөлімінің мамандарымен тексеру жасап, ағаштарды тіркейміз. Содан кейін барып оны кестіртеміз», - деді Талғар ауданы «Алатау» ауылдық округі әкімінің орынбасары Асқар МАНАБАЕВ.

Осылайша, жергілікті билік Шымбұлақ ауылындағы шіріген ағаштарды алдағы екі апта ішінде шешіп береміз деп сендірді. Ал өртенген үйдің иесі бұл жағдайды сот арқылы шешпекші.

Сая  Меңдеке, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир